Хабар телеарнасы

Ақтауда ІТ саласына мамандар даярлайтын технопарк ашылды

Ақтауда ІТ саласына мамандар даярлайтын технопарк ашылды. Ғимараттың бірінші бөлігінде робототехника, цифрлық өндіріс, металл және ағаш өңдеу шеберханасы бар. Мұнда студенттер токарь, дәнекерлеуші сияқты жұмысшы мамандықтарын меңгереді. Ал екінші қабатта жасанды интеллект, мобильді қосымшалар мен компьютерлік ойындарды әзірлеу, блокчейн және киберқауіпсіздік бойынша білім беріледі.

Бұл қазақ тілінде гид қызметін ұсынатын робот. ІТ-жоба авторы Рысжан Сансызбай «Компьютерлік инжиниринг» мамандығы бойынша екінші курста оқиды. Жас өнертапқыш сабақтан бос уақытында тырнақалды туындысын жетілдірумен айналысады. Таяуда роботты жоғары оқу орны немесе халыққа қызмет көрсету орталығының кіреберісіне қойып, сынақтан өткізіп көрмекші. 

Рысжан Сансызбай, жоба авторы:

- Мысалға мынадай құжатты қайдан алу керек сияқты, соған консультация береді. Негізінде студенттер университетке бірінші келген кезінде қиындық туындатады оларға. Менің де басымнан өткен сондай мәселе. Ресепшнға қоюға болады қазір. Бұл ең алғашқы прототипі.

Оқу сыныптары жұмысшы мамандықтарына арналып жабдықталған. Мәселен, мына жерде болашақ ісмерлер мен дизайнерлер тігін технологиясын меңгеріп, өзі қалаған киім немесе сәндік бұйымдарды жасай алады. Ал ЗД-станоктар тұрған бөлмеде студенттер пенопласт, ағаш және темірден шағын архитектуралық мүсіндер мен кәдесый жасауды үйренеді.

Сұлтанбек Ізмағанбетов, оқытушы:

- Бұл жерде көбіне қолөнер ғой. Осы студенттерге үйреткіміз келеді қалай, неден жасайды. Лазерлі станогымыз бар, ол гравировка жасайды және кеседі. Одан кейін маркерлі лазеріміз бар. Ол темірге гравировка жасайды.

Технопарк қуаттылығы жоғары 90 компьютермен жабдықталған. Білім алушы озық технологияның көмегімен халықаралық еңбек нарығы талаптарына сәйкес келетін ІТ-жоба жасайды. Бағдарламаға қатысушыларды танымал «01 edu» платформасының авторы Николя Садирак оқытады. Француз ғалымы жасанды интеллект, блокчейн, киберқауіпсіздік бойынша дәріс береді.

Николя Садирак, оқытушы /Франция:

- Мен Қазақстанда 6 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұл бағдарлама қазақ мемлекетінің екі қаласында қолданыста болды. Біздің мақсатымыз -«Мұғалімсіз оқыту» платформасын барлық өңірге енгізу. Ақтау шаһары тізім бастады тұр.

Берік Ахметов, технопарк жобасын үйлестіруші:

- Пилоттық режимде қазір министрлікпен келісіп, осыны бастадық. Әрі қарай өзінің жақсы бір нәтижесін көрсететін болса, барлық университеттердің базасында ашылады деген үлкен жоба бар министрліктің тарапынан. Сондықтан біздің маңғыстаулық жастарға енді Астана мен Алматыны іздемей осы жерде ІТ-саласын өзі жетік меңгеруге мүмкіндік алады.

Сондай-ақ Ақтауда жастар саябағы қолданысқа берілді. Демалыс орнына 3 мың тал көшет отырғызылды. Субұрқақ және амфитеатр салынған саябақта жылдың барлық мезгілінде мәдени-танымдық іс-шара өткізу жоспарланған. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев