Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілмек
Мәдени шараларға әдебиетшілер мен аудармашылар, Еуропа, Жапония, Түркия мемлекеті мен көршілес Ресей елінен ғалымдар да шақырылды.
Әйгілі қаламгердің мерейтойы туып-өскен Маңғыстауда ғана емес, жауһар туындылары дүниеге келген Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ерекше атап өтілуде. Елордада аңыз тұлғаны еске алу кеші өтті.
Көмейінен көркем сөз өздігінен өрнектеліп, көкірегінен түйдек-түйдек ой төгілетін заңғар жазушыны ұрпағы ұмытпақ емес. Осы күндері абыз аға Әбіш Кекілбаевты туған өлкесінде бүкіл қазақ елі тебірене еске алуда.
Клара Жұмабаева, Әбіш Кекілбаевтың жары:
- Қазақстанда екі айдан астам түрлі шара өтіп жатыр. Бәрі де өте жақсы ұйымдастырылғанына ризамын.
Әуелде геолог болуды армандаған Әбіш Кекілбаевтың әдебиетке жақындығы басым түсіп, филология факультетін тәмамдаған. Сөйтіп шығармашылық жолдан таймаған жазушының туындылары тіпті шет тілдерге аударылып, қазақ халқын әлемге танытты.
Нұрлан Оразалин, Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын:
- Қайталанбайтын тұлға. Ол – шын мағынасында интеллектуалды әдебиеттің қазақ топырағындағы психоаналитикалық үлгісін жасаған кісі. Қазақ халқының әлемдік өркениет әлемінде өз биігінен көрінуіне өлшеусіз еңбек сіңірген бірегей суреткерлігі, қайраткерлігі бір төбе Әбекеңнің кісілігінің өзі сирек кездесетін қасиет.
Біртуар тұлғасын сыйлаған халқы тек мәдени кештермен шектеліп отырған жоқ. Мерейтой тойланып жатқан осы жылы жазушы құрметіне Ақтауда мұражай ашылды. Ал елордада көшелердің біріне Әбіш Кекілбаевтың есімі берілді. Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, заманның заңғар жазушысы абыз аға Әбіш Кекілбаевты еске алғандар «онымен бірге тұтас бір дәуір өтті» деп жатты.
Төлен Әбдік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург:
- Әбіш шын мәнінде үлкен тұлға еді. Әр жанрда тартқан қаламы бір адамның ғұмырына жететін атақ-абырой еді. Оның сыртында драматург, публицист, шешендігі қандай болатын! Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке талдауды қажет етеді.
Шығармашыл тұлғаның мол қазыналы мұрасы, жазушы жайлы естеліктер деректі фильмдерде де көрсетіліп жүр.
Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Сонда Маңғыстаудан келген 10-сыныптың оқушысы екен. Сөйлегенде кәдімгі қалыптасқан тұлғадай сөйледі. Бірге барған студент достар: «Осы мына баладан бірдеңе шығады», – деп едік.
Бастысы әйгілі суреткердің теңдессіз шығармалары мұра болып қалды. «Шыңырау», «Үркер» «Аңыздың ақыры» секілді ғажайып туындылары Алаш жұртына мәңгі рухани азық болары сөзсіз.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин