Хабар телеарнасы

Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығы: «Қаллеки» театрында «Шыңырау» спектаклі сахналанып жатыр

Дәл қазір Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрында «Шыңырау» спектаклі сахналанып жатыр. Труппа Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығына арналған «Кемел тұлға келбеті» атты халықаралық форум аясында өнер көрсетіп жатыр. Форумға жиналғандар абыз тұлғаға тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі әлемінің «Үркері» деп баға берді. Одан бөлек, Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған фото және кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда жазушының қолжазбалары, публицистикалық мақалалары, кітаптары және әлемнің бірнеше тіліне аударылған жинақтары қойылды. 

Сауытбек Абдрахманов, мемлекет және қоғам қайраткері:

-Мен биыл «Аңыз Әбіш» кітабымды Мәскеуде орыс тілінде шығардым. «Корефей» деген атпен. Сол қолжазбамен жұмыс істеу барысында Мәскеулік редакторлар Әбіш Кекілбаевтың жан-жақтылығына, соншалықты академиялық универсиализміне, энциклопедиялық біліміне қайта-қайта таңғалып, маған телефондаумен болды. Өзімнің көкірегімді ұлттық мақтаныш сезімі кернеді.