Оралда жаңа көпір жобасы талқыланды
Ел пікірін ескерген шаһар басшылығы жобаға тиісті өзгерістер енгізді. Алайда соңғы қоғамдық тыңдауда сөз алғандар жаңа нысанның қажеттілігіне күмән келтірді. Олар дәл қазір айтарлықтай көлік кептелісі жоқ болғандықтан, 11 млрд теңгені шаһардың басқа мұң-мұқтажына жұмсаған жөн деп санайды. Өз кезегінде Зашаған кенті мен Деркөл ықшамауданының тұрғындары көпірдің керектігін айтады. Бүгінде аталған аудандарда 80 мыңдай халық бар. Ақжайық шағын ауданы салынған соң, бұл көрсеткіш 150 мыңға барады деген болжам бар.
Александр Котельников, Орал қаласының тұрғыны:
- Деркөлге баратын қазіргі көпірді кеңейтсе, қасына тағы біреуін салса, жеткілікті болады деп ойлаймын. Ал қалған үнемделген ақшаны айналма жолдың құрылысына жіберген жөн. Сонда жүк көліктері қалаға соқпай, алыстан айналады. Көлік тасқыны азаяды.
Бекжан Тоғжанов, қала әкімінің орынбасары:
- Қазірдің өзінде Зашаған кентінен келетін жолда таңғы және кешкі уақытта көлік кептелісі болады. Сондықтан көпірдің қазірдің өзінде қажеттілігі бар. Ал бара-бара Ақжайық шағын ауданы құрылысы басталған соң, қажеттілігі одан да артады.