Хабар телеарнасы

Оралда «Біз таза ел үшін» акциясы өтті. Өңір жаңалықтары

Қаланың орталық базарының жанына жиналған жастар тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудан жарыс ұйымдастырды. Жалпы сәуір айынан бері тазалық айлығына 13 мың тұрғын, 3321 мекеме қызметкерлері қатысқан. 44 мың түп ағаш отырғызылып, 525 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы тазартылған. 

Қостанайда медицина қызметкері марапатталды.

Өңірдің денсаулық сақтау саласында 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өткен жылы 160 маманға көтерме жәрдемақы төленіп, 70 дәрігер баспанамен қамтылды. Қазіргі кезде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 25 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Қызылордада «Таза су айдындары» акциясы қорытындыланды.

Екі айда көлдерден 115 тонна тұрмыстық қатты қалдық пен 315 дана балық аулау құралы жиналған. Мұнан бөлек табиғат жанашырлары Кіші Арал теңізінен бастап, Түркістан облысындағы Шарадара су қоймасына дейінгі 201 су айдынын тазалауға атсалысты. 

Алматы облысында судағы қауіпсіздік ережесін бұзған 25 демалушыға 375 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Өзге меймандарға белгіленбеген орындарда шомылуға болмайтыны ескертілді. Өткен жылы облыс аумағындағы өзен-көлдерде 19 адам суға кеткен еді. Бір қуанарлығы, биыл ондай қайғылы жағдай тіркелген жоқ. Облыс бойынша шомылуға рұқсат етілген 103 орын жасақталған.

Алматыда сот шешімі бойынша ірі құрылыс нысаны бұзылып жатыр.

Достық даңғылындағы құрылысты меншік иесі 2005 жылы бастаған. Сақалды құрылыс кейін өзгенің қолына өткен. Жаңа меншік иесі келісілген жоба, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарлама, авторлық және техникалық қадағалау болмаса да құрылысты жалғастырған. Арызданушы - қала құрылысын бақылау басқармасы. Қазір Алматыда заңсыз құрылыс нысандарына бақылау күшейтілді. Былтырдан бері қалада 36 заңсыз ғимарат бұзылды.