Елбасы халық әртісі Бибігүл Төлегеновамен кездесті
Халықтың ыстық ықыласына бөленген өнер иесіне құрметі ерек екенін жеткізіп, сарқылмас қуат тіледі. Бүгінде Тұңғыш Президент қорының қолдауымен Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер байқауы үздіксіз өткізіліп келеді. Әңгіме барысында әнші байқаудың биылғы қорытындысына тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Сіз еліміздің күміс көмей әншісі болып, қазақтың өнерін дүниежүзіне паш еттіңіз. Біз сізбен бұрыннан таныспыз. Есіңізде болса, 1960 жылы Днепродзержинскіге 19 жаста студент кезімде сіз концертпен келдіңіз. Мен сізге гүл тапсырдым. Сосын 1972 жылы Теміртауға концертпен келдіңіз. Мен қатыстым. Сол кездер есте қалды. Елдің марапатына ие болдыңыз. КСРО-ның Еңбек ері болдыңыз. Ұзақ өмір сүріп, өнерге қызмет ете беріңіз.
Бибігүл Төлегенова, КСРО Халық әртісі:
- Қолымыздан келгенше жасап жатырмыз. Сізге көп рахмет. 2001 жылы байқауға атау беріп едіңіз. Биыл 10-конкурсымыз болды. Тіпті Италиядан жоғарғы марапат айтылды. Менің кешіме қатысып, «Астана Опера» ғимаратына келіп: «Мынау қандай ғимарат?», – деп таңғалып кетті. «Міне, Президент бізге осындай ғимарат сыйлады», – деп айттым.