Байқоңыр қаласында 250 отбасы баспаналы болды
250 отбасы баспаналы болды. Жаңа қоныс иелеріне Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
Қазақстан тарапы салған бұл үйлерге 250 отбасы қоныстанды. 50 пәтер «Байқоңыр» ғарыш кешеніндегі қазақстандық құрылымдарда жұмыс істейтін мамандарға берілді. Қалғанына жылдар бойы үй кезегінде тұрған азаматтар жайғасты. Баспаналы болғандар қатарында жас дәрігер Асылхан Қаленов те бар.
Асылхан Қаленов, невропатолог-дәрігер:
- ҚМУ-дың неврология саласын жаңадан тәмамдаған жас дәрігер маманмын. Биыл осы Байқоңыр қаласында жаңадан көпбейінді Байқоңыр ауруханасы ашылды. Соған жұмысқа келіп отырмын. Міне, Жастар жылында жаңа пәтер, жаңа жұмыс секілді қуанышқа кенеліп отырмыз.
Құрылыс жұмыстары өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында басталған. «Бұл үйлер отандық табиғи газ арқылы дербес қазандықпен жылытылады», – дейді мамандар.
Жалғас Сүйеубаев, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары:
- Республикалық бюджеттен 1 млрд 800 млн теңге, облыстық бюджеттен 110 млн теңге бөлініп, барлығы 2 млрд 110 млн теңгеге салынды. Жалпы арендалық бір тұрғын үйде 50 пәтер. Оның 30 пәтері 3 бөлмелі, 20 пәтері 2 бөлмелі болып келеді.
Бүгінде жұлдызды қалашықта тұрып, әр салада еңбек етіп жатқан 50 мыңға жуық қазақстандық азамат бар. Осы ретте келесі жылы Байқоңырдан тағы бес көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов