Жастар жылының жабылу және Еріктілер жылының ашылу салтанаты өтті
Ал ЖОО-ға қойылатын талап күшейе түспек. Енді бір де бір жекеменшік оқу орны бұрынғыдай жалған дипломға мөр басып тарата алмайды. Мұны Үкіметтің өзі қатаң қадағалайтын болды. Жастар жылының жабылу салтанатында Мемлекет басшысы министрлер кабинетіне осындай тапсырма жүктеді. Жиында Жастар жылындағы жұмыстарға есеп беріліп, еріктілер жылының еншісіндегі шаруаларға шолу жасалды.
Жиын өтіп жатқан залдағы атмосфераның өзі өзгеше. Мұнда білім мен өнердің биік шыңын бағындарған 500-ге жуық жас жиналды. Президент жастармен бір қатарға жайғасты. Алдымен соларды тыңдады. Өйткені бұл буынға артылар үміт зор. Бірі мемлекет қамқорлығының арқасында жауапты жұмысты арқалап жүргенін мақтан тұтады.
Ильяс Түстікбаев, Қазақстан студенттер Альянсының жетекшісі:
- Менімен бірге оқитын курстастарым: «Ильяс, сенің қолыңнан ештеңе келмейді. Сенің белсенді болып жүргенің бос селтең. Мемлекет жастарға қолдау көрсетпейді, біреудің қолдауынсыз сенен ештеңе шықпайды», – деп айтатын. Мен сол кезден бастап белсенді үздік волонтер болуға талпындым. Нәтижесінде еліміздегі ең үлкен студенттік ұйым «Қазақстан студенттер Альянсының» көшбасшысы атанып, еліміздегі жастар арасындағы ең жас көшбасшы атандым.
Енді бірі мемлекеттің әлеуметтік қамқорлығына бөленгеніне дән риза.
Бағдат Ахметжанов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Біз секілді жұмыс істейтін жастарға баспана бағдарламасының болғаны өте дұрыс. Қатарластарыма айтарым жұмыс істеңдер, жұмыстан қорықпаңдар. Жұмыс түбі береке. Мемлекет тарапынан мүмкіндік бәріне бірдей. Оған жету үшін өзіңнің талабың мен білімің болу керек.
Жастар жылында Бағдат тәрізді 3 мың жас жалдамалы тұрғын үй алу бақытына ие болды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 172 мың адам жұмысқа орналасып, «Жас кәсіпкер» жобасымен 20 мың жас білім алды. Жастардың 9500 бизнес идеясы сәтті жүзеге асырылып, 2500 жас кәсіпкер несие алып, кәсібін бастады. Жастар жылында Білім және ғылым министрлігі 53 мыңнан аса грант бөлді. Бұл әр екінші түлектің жоғары оқу орнына түсуіне жол ашты. Бұл атқарылған жұмыстың бір парасы ғана.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы маңызды жыл аясында жобаларды іске асыру кезінде даңғазалықтан бас тартып, нақты іспен айналыстық. Қолға алынған барлық бастама өздеріңіз сияқты жастар үшін жасалып отыр. Ойға алған нәрсенің бәрін бірдей жүзеге асырдық деп айтуға болмас. Бірақ бұл жұмыстарды алдағы уақытта міндетті түрде жалғастырамыз.
Әрине, қазір жастарға қатысты түрлі бағдарламалар бар. Бірақ бірізділік жоқ. Сондықтан бүгінгі буынның талап тілегін ескеріп, жаңа кешенді бағдарлама әзірлеу керек. Өйткені біздің қолданыстағы жастар саясаты жөніндегі жалпы тұжырымдама 20 жыл бұрын жазылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаңа бағдарлама арқылы жастарға сапалы білім беру, жұмысқа тұру, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету тетіктері ұсынылу керек. Жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалуы қажет. Құжатта жас буынға арналған тиімді әрі ашық әлеуметтік мүмкіндіктер көрсетілуі керек. Барлық елді мекендегі спорт және мәдениет нысандары жастарға қолжетімді болуы тиіс. Үкімет келесі жылы осы бағдарламаны дайындап, оның негізінде 2021 жылы заң жобасын әзірлеуі қажет.
Таяуда біздің елдегі социологтар арнайы сауалнама жүргізіп, мынадай тұжырым шығарыпты. Қазір мектеп бітірген жастардың 20% астамы не оқу, не жұмыс жоқ, үйде отыруға мәжбүр. Әрбір 4 жастың үшеуі елдегі жастарды қолдау туралы бағдарламалардан хабарсыз. Ал ЖОО бітіргендердің өзін жұмысқа алам деушілер аз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының деректеріне сәйкес, бүгінде жоғары оқуды тәмамдаған түлектердің шамамен 60% мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Бұл біздегі білімнің сапасын көрсетеді. Үкіметке ЖОО-ға, оның ішінде дипломдарды басып шығарып, тарата беруді әдетке айналдырған жекеменшік оқу орындарына ең қатал шараларды қолдануды тапсырамын. ЖОО-ларға қатысты ең қатал шараларды қабылдауы тиіс.
Сосын Президент: «Ашық университет құру жұмысын жалғастыру керек», – деді. Әрбір өңірде ең болмағанда бір ЖОО мен жоғары деңгейдегі 2 колледж ашылса, жастар білім қуып, алысқа сабылмас еді. Жастар үшін жаңалықтың ең жағымдысы шәкіртақының көбейетіні болды. Елімізде студенттер стипендиясы соңғы рет 2016 жылы өскен болатын. Ал келер жылдан бастап 25% артатын болды. Бұл бакалавриат пен магистратура, докторантурада оқитын 130 мыңға жуық жасқа қатысы бар. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – менің Президент ретіндегі басты міндеттерімнің бірі», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз бүгінгі жас буынмен үнемі санасып отырамыз. Бәріміз мына нәрсені есте ұстауымыз керек, елдің тәуелсіздігі, оның аумақтық тұтастығы халықаралық ұйымдарда дауыс беру арқылы емес, ақылмен, ішкі және сыртқы саясатпен қамтамасыз етілуі керек. Халық өзінің тәуелсіздігін күшті, біртұтас мемлекет болғанда ғана сақтап қала алады. Сондықтан түрлі пікірлерге қарамастан, ең алдымен тәуелсіздік іргетасының мықты болуын ойлауымыз керек.
Жастар жылындағы бастама 2020-шы Еріктілер жылында жалғасады. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ хатшысының орынбасары болған кезінен-ақ еріктілердің еңбегіне құрметі ерек еді. Еліміздегі волонтерлық туралы заң да оның Парламентте отырған тұсында қабылданды. Ал келер жылды Еріктілер жылы болсын деген бастама көтерген де өзі болды. Ал Президент волонтерлік жұмыстардың негізгі бағыттарын атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мысалы «Сабақтастық» жобасы арқылы волонтерлер балалар үйлеріндегі балаларды қамқорлықтарына ала алады. «Саулық» бағыты арқылы медициналық волонтерлік дамып, науқастарға қамқорлық көрсетіледі. «Таза әлем» жобасының аясында қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптауға үйретеді. «Асыл мұра» бағыты бойынша халқымыздың мәдени-тарихи мұрасын сақтауға үлес қосады. «Қамқор» бағыты қарттар үйлеріне көмек көрсетуге арналған. «Білім» – ауыл мектептерінің оқушыларын ҰБТ-ға көздейді. Ал «Үміт» жобасы Жеңістің 75 жылдығына орай отандастарымыздың ерліктерін насихаттайтын құжаттарды іздеуге арналады.
Ақы дәметпей, қайтарымын күтпей қол ұшын созу – кез келгеннің қолынан келетін шаруа емес. Демек, ерікті болу – ардың, жүректің ісі. Сіз де аптасына кемінде екі рет екі сағатыңызды ерікті түрде еңбекке арнап көріңіз. Президент осындай бастама көтерді. Волонтер болу үшін жаңалық ашу қажет емес. Жай ғана балалар алаңын сырлап беріңіз, үйлердің дәлізін, ауланы қоқыстан тазартыңыз немесе елімізде 700-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созыңыз. Бірақ 1-2 күндік сенбілік өткізумен шектелмеуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Дана халқымыз «жұмыс көтерген жүк жеңіл» дейді. Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесу дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Алдағы жылды сол дәстүрде заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет.
Жиында Еріктілер жылының белгісі таныстырылды. Логотип жүрек пішіндес. Мұның мәні біреу-ақ. Жүрекпен жасалған қайырымдылық қана жүрекке жетеді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Әлібек Әлиев, Наурыз Базаров