Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұдан бөлек «Жылу энергетикасы, электр энергетикасы және реттеліп көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға және «Жылу энергетикасы туралы» Заңға қол қойды. Құжат алғаш рет жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі процесінде туындайтын қатынастарды дербес заң түрінде реттейді. Бұдан бөлек, аталған сектордың дамуын қамтамасыз ету үшін жоспарлау және жай-күйін бағалау тетіктері енгізілді. Сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін тарифтік реттеу, энергия үнемдеуді қолдау, жылу энергетикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану тетіктері, саланың сапалы және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жаңа тетіктерді енгізу және қолданыстағысын күшейту жолымен реттеу жүйесі жаңғыртылды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға да қол қойды.

Президент қол қойған тағы бір құжат - ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» өзгерістер мен толықтырулар заңы. Бұл құжат арқылы халықтың ойынқұмарлыққа тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Оларды қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады. Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ «Мемлекеттік бақылау мен статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойды.