Ақмола облысында биыл 6 мыңнан астам жас маман жұмыспен қамтылған
Олардың біразы қазір өз бизнестерін бастап кетті. Айта кету керек, аталған бағдарламаның аясында 160 жастың әрқайсысына 500 мың теңгеден қайтарымсыз қаржы берілген. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша елді мекендерге жұмыс істеуге келген жас мамандарға 72 млн теңге көтерме жәрдемақы бөлінді. Жастар жылы аясында көкшетаулық жастарға осындай көмек көрсетілген. Алайда студенттер үшін ең өзекті мәселе саналатын жатақхана жетіспеушілігі басы ашық күйінде қалып отыр. Бүгінде облыста 3 мыңға жуық студент пәтер жалдап тұрады. Жалпы облыста 146 мыңға жуық жас бар. Бұл – аймақ халқының 20%.
Дамир Іргебаев, облыстық Ішкі саясат басқармасы Жастар бөлімінің бас маманы:
- Биылғы жылы 2 550 орынға арналған жобалық-сметалық құжаттар жасалып, келесі жылы кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары мен университетте жаңа жатақханалар салынатын болады. Жалпы саны 6 жатақхана салынады. Оның ішінде мемлекеттік университетке 500 және 160 орыннан тұратын екі жатақхана салынады. Жекеменшік университетте 320 орынға бір жатақхана салынады. Ал кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында 300 орынға арналған типтік жатақхана салынады.