Хабар телеарнасы

Алматыда биыл 8 мыңға жуық студентке жатақхана жетпеуі мүмкін

Былтыр мегаполиске оқу іздеп келген 11,5 мыңнан астам жасқа орын тимей қалған еді. Биыл орын тапшылығы 3 мыңға төмендеді. Осы оқу жылында қалада 10 жатақхана пайдалануға беріледі. Ал министрлік өкілдері бірде бір студент далада қалмайды деп сендіріп отыр.

Бұл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 9-шы жатақханасы. Ондағы жағдайды Мәжіліс депутаттарының өзі барып көрген. Кейіннен  бейнетүсірілім әлеуметтік желіге жарияланып, көпке мәлім болды. Осыдан кейін іле-шала ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. «Жатақхана 1969 жылы салынған. Оны биыл жөндеуді жоспарлап отырған едік»,- дейді университет басшылығы.

Сәбит Суатай, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ  әлеуметтік даму жөніндегі проректоры:

- Студенттер қайтқаннан кейін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгенге дайын отырғанбыз. Қазіргі таңда ол жатақхана 70%-ке дайын. 7-8 мың студент қабылдаймыз деп отырмыз. Жалпы саны 28 мың студент болса, университет қазір 5 мың 890 студентіне орынмен қамтамасыз ете аламыз.

Оның сыртында 3,5 мың студентке орын жетпеуі мүмкін. Десе де, оқу орны қол қусырып отырған жоқ. Жатақхана жетпегендерін хостелдерге орналастырады. Басқа университеттер де осылай амалдап отыр.  

Ақерке Абылайхан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

- Әрине, Алматы қаласы бойынша тапшылық болғандықтан жекеменшік қонақүйлермен, хостелдермен келісімшарттарға отырып жатқан университеттер болады. Ол жерде бірнеше университет бірлесіп студент тұрғызады. Бірақ басқа жолдан келген басқа жолаушы бұл жекеменшік студенттер жатақханасы болсын, қонақүйлер болсын ол  жерде тұрмауы қажет.

Биыл Алматыда 10 жатақхана пайдалануға беріледі. Біреуі ғана жоғары оқу орнына тиесілі. Басқасы түгелдей инвесторлардың қолдауымен салынды. Ондағы орын саны 5 мыңнан асады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев