Іле-Алатауында жаңа орталықтар ашылады

  • 11
  • 19.06.2026, 19:47

Қазақстан әлемдік туризм рейтингінде 28-ші сатыға жоғарылады. Осылайша Орталық Азиядағы алдыңғы қатардағы елдердің қатарына қосылды. Биыл үш айда қазынаға осы саладан 69 миллиард теңге кіріс түскен. Бұл жылдағыдан 14 пайызға көп. Еліміздегі қонақүйлер мен демалыс орындары 2 миллионға жуық туристке қызмет көрсеткен.

Табиғаты көрікті жерлердің бірі Іле-Алатауы ұлттық паркінің құрылғанына биыл 30 жыл. Табиғи аймаққа осы аралықта 136 млрд теңге инвестиция салынған. Былтыр бір миллионға жуық турист келіпті. 

Іле-Алатауы - ұлттық паркі туристер үшін тартымды орынның бірі. Алматыға жақын тұрған соң саяхаттаушылардың саны көп. Конференцияда кәсіпкерлерге парктің инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Жаңа жобалардың бірі – Қаскелең және Үлкен Алматы шатқалында визит-орталықтарын салу. «Жоғары Талғар» туристік орталығын көркейту де көзделіп отыр. Сондай-ақ Іле-Алатауында экопарктер мен этноауыл құру жоспарда бар.

Сарапшылардың айтуынша, бұл бастамалар жүздеген жаңа жұмыс орнын ашады. Өңірдегі экотуризмді бұдан әрі дамыта түседі. 

Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Былтыр мұнда келушілер саны 950 мыңнан асты. Егер әлемдегі жетекші ұлттық парктермен салыстырсақ, бұл аз. Біз арнайы талдау жүргіздік. Аумағы осыған қарайлас парктерге жылына кем дегенде 4 млн адам келеді. Сондықтан бұл жердегі туристік жүйені дамыту қажет. Бұл бағытта бірқатар жұмыс жүріп жатыр. Бастысы – экожүйеге кері әсер етпеуіміз керек.

Мерейтойға орай ұлттық парк пен табиғатты қорғау саласының қызметкерлері марапатталды. Іле-Алатауында Қызыл кітапқа енген «Сиверс» алмасы секілді көптеген өсімдіктер өседі. Жабайы аң-құстар мекендейді. Сондықтан туризмді дамыта отырып, флора мен фаунаны сақтау өзекті. 

Елнұр Ахметов, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры:

- Түркиядан арнайы мамандар келіп отыр. Сонымен қатар көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей мемлекеттерімен бірлесіп, флора мен фаунаны қорғау және оны дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз.

30 жыл ішінде Іле-Алатауы ұлттық паркінде 47 туристік маршрут абаттандырылды. 94 инвестициялық жоба жүзеге асты. Бүгінде оның аумағы 200 мың гектардан асады. Ал орман қорын қалпына келтіру үшін 5 миллионнан астам ағаш егіліпті.

Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев