Қазақстанда 280 мың медицина қызметкері еңбек етеді

  • 11
  • 19.06.2026, 19:50

Елімізде жыл сайын жедел жәрдем мамандары 7 миллион шақыртуға шығады. Ал медициналық операциялар саны орта есеппен 300 мыңнан асады. Оның сыртында жеке қабылдаулар тағы бар. Отандық медицинада қанша адам еңбек етеді, оларды әлеуметтік қолдау шаралары қаншалықты жақсаруда, инфрақұрылымды дамыту қарқыны қандай?

Жандос Арынов, Астанадағы №3 Көпбейінді аурухананың диагностика бөлімінің меңгерушісі. Емнің тиімділігі, адамның дертінен тез айығуы дәл осы мамандарға байланысты. Кейіпкеріміз: «Дұрыс диагноз қою сәтті емнің жартысы», - дейді. Бұл істе жаңа технологиялардың қолданысқа енгізілуі оның дәлдігі мен тиімділігін арттыра түскен.

Жандос Арынов, қалалық № 3 Көпбейінді аурухананың диагностика бөлімінің меңгерушісі:

- Аппараттар сатып алынып, диагностикалық зерттеулер қазір практикаға қосылды. Ол не береді? Көбінесе өт жолына тас кетіп қалады.

Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде қазір 280 мың медицина қызметкері еңбек етеді. Оның 84 мыңы дәрігер, ал 196 мыңы орта буын медицина маманы. Салада кадр тапшылығы бар. 3 мың 869 дәрігер мен 4 мың 200 орта буын медицина маманы жетпейді.

Бағжан Мұхаметбек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі департамент директорының орынбасары:

- Негізінен дәрігерлер тапшы өңірлер – Астана, Алматы қалалары, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары. Ең тапшы мамандықтар – терапевтер, жалпы тәжірибе дәрігерлері, кардиологтар және анестезиолог-реаниматологтар.

Мәселені шешу үшін елімізде медицина кадрларын даярлау бойынша жыл сайын 5 мыңға  жуық білім гранты бөлінеді. Оның ішінде бакалавриат пен резидентура бар. Қызмет бабындағы мамандардың біліктілігін арттыру тұрақты жүргізіліп келеді.

Бағжан Мұхаметбек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі департамент директорының орынбасары:

- 2025 жылдың өзінде мыңнан аса медицина қызметкері біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Оның ішінде 7 мыңнан астамы дәрігерлер, 17 мыңға жуығы орта буын медицина қызметкерлері. Оған қаражат республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінді. 260-ы шетелде оқып келген мамандар.

Елімізде 830 аурухана мен 3,5 мыңға жуық амбулаториялық емхана жұмыс істейді. Осы мекемелерде жыл басынан бергі 5 айда 100 миллионнан астам қабылдау жүргізіліпті.

Қаналбай Болданов, емделуші:

- Асқазаным ауырып, келіп түсіп едім. Дәрігерлердің арқасында емделіп шығып жатырмын. Алла дәрігерлердің кәсібіне береке берсін. Дәрігерлердің барлығына рақмет!

Айта кетейік, соңғы жылдары дәрігерлерді әлеуметтік қолдау мен құқықтық қорғауға басымдық беріліп отыр. Қауіпсіздігін қамтуды күшейту үшін арнайы заң қабылданды. Биыл 7 наурыздан бастап медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолданғандар мен қорқытқандарға жаза қатаңдатылды. 

Ердәлет Ыбырайұлы, Болатибек Табалдиев