Ақтөбеде алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауыттың іргетесі қаланды. Бұл өндіріс орыны Түркияның «Анадолу групп» холдингі құрамына кіретін «Кока-кола ичечек» компаниясының тікелей инвестициясына салынады. Құны 42 миллиард теңгеге бағаланған ірі жоба 1,5 жылдың ішінде жүзеге асырылмақ.
«Анадолу групп» компаниясының әлемнің 20-дан астам елінде өндіріс орындары бар. Оларда 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Міне, осындай Түркияның трансұлттық ірі корпорациясы Қазақстанда сусындар шығаратын тағы бір зауыттың негізін қалады және оның Ақтөбеде салынуы тегін емес.
Абзал Әбдікәрімов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Неге Ақтөбені таңдады деген сұраққа келсек, бұл біздің өңірдің географиялық орналасуымен, логистикалық әлеуетімен, экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндігімен, сондай-ақ транзиттік-логистикалық әлеуетімен байланысты. Жалпы, Ақтөбе өңірінің инвестициялық көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,3 триллион теңге инвестиция салынды
Алғашқы тас қалау рәсіміне қатысушылар уақыт капсуласын жерге көмді. Бұл Қазақстанның болашағына өңірдің индустриялық әлеуетіне және ұзақ мерзімді дамуына деген сенімділікті білдіреді.
Вели Динчель, Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының бас директоры:
- Біз болашаққа арналған уақыт капсуласын жерге көму арқылы жаңа өндірістің ғана емес, жаңа мүмкіндіктердің де негізін қалап отырмыз. Бұл жоба біз үшін зауыт салудан әлдеқайда маңызды. Ол өңірдің дамуына серпін беруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, озық технологияларды енгізуге және Қазақстанның жаңа индустриялық буынын тәрбиелеуге бағытталған.
Жаңа зауыт келер жылдың аяғына таман тапсырылады деген жоспар бар. Жылына 300 миллион литр сусын өндіретін кәсіпорында 150 тұрақты, 110 қосымша жұмыс орыны ашылады.
Мағауия Қалиев, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов