Каспий итбалықтарының қозғалысы жер серігі арқылы бақыланады
Ол үшін теңізді мекендеушіге арнайы микрочип тағылмақ. Қазақстанда итбалық тек Каспий теңізінде кездеседі. Бір өкініштісі, ол бүгінде тұқымы азайып бара жатқан жануарлар қатарында. Қазір теңізде 300 мың бас итбалық бар. 100 мыңдайы ел аумағына тиесілі секторда тіршілік етеді.
Спутниктік бақылауға арналған микроқондырғы 9 ересек итбалыққа тағылды. Ақ айдында алаңсыз тірлік кешіп жүрген су мақұлығына белгі тағу оңай шаруа емес. Алдымен олардың жатағын анықтап, сосын үркітпей ғана қолға түсіру үшін ғалымдар көп тер төкті.
Гүлсім Мұтышева, теңіз биоресурсын зерттеуші ғалым:
- Итбалықтарға арналған микрочип олардың арқасына немесе басына эпоксид желімінің көмегімен орнатылған. Ол теңіз жануарының саулығына еш залал келтірмейді. Сол арқылы біз олардың тіршілігін ғарыштан бақылаймыз. Жатағын, өрісін анықтаймыз, есеп жүргіземіз.
Жаңа жобаның нәтижесі ғалымдардың өздерін де таңғалдырып отыр. Олар ғарыштық жүйе арқылы итбалықтармен жете таныса бастады.
Қуанышбек Мұханов, экологияны қорғау мекемесінің директоры:
- Бұл – біздің белгі таққан итбалығымыз. Мінекей ол жағаға шықты. Жалпы біздің кейіпкеріміз бір айдың ішінде Макачкалаға дейін сапарлап, 1 мың шақырым жол жүрген.
Осылайша ғалымдар теңіз мақұлығының тыныс-тіршілігінен хабардар болады. Олардың өрісі, көбею процесі – бәрі де алақандағыдай. Итбалық 80 метр тереңдікке дейін демалмастан сүңги алады екен.
Қаңтар айында итбалықтар мұзға күшіктей бастайды. Енді ғалымдар көшпелі су мақұлығының көбею процесін бақыламақ. Олар – теңіз жануарларының ішіндегі төлін сүтпен қоректендіретін бірден-бір тіршілік иесі. Сүті өте қою, маңызды. Майлылығы 50% жетеді екен. Итбалықтардың көбею процесін ғалымдар ресейлік әріптестерімен бірге бақыламақ. Ол үшін арнайы жабдықталған ұшаққа тапсырыс берілді.
Сағиден Ербөлеков, ихтиолог:
- Арнайы қондырғымен жабдықталған ұшақ-зертхана мультиспекторлық түсірілім жасауға мүмкіндік береді. Сол кезде біз фото- және бейнежазбаларға қол жеткіземіз.
Соңғы 20 жылда теңіз жануарларының санағы мүлде жүргізілмеген. Ресейлік ғалымдардың есептеуінше, бүгінде Каспий теңізінде 300 мың бас итбалық бар көрінеді. Оның 100 мыңдайы қазақстандық секторда тіршілік етеді. Бірақ бұл болжам ғана. Көп ұзамай ғалымдар Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы итбалықтардың нақты санын анықтай алады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев