Хабар телеарнасы

Ирактан қайтарылған қазақстандық балалар туыстарымен қауышты

Құжаттары рәсімделіп, балғындар дәрігерлердің тексеруінен өтті. Бірақ 4 ағайындының жақындары оларды бауырларына басуға ниет танытпай отыр.

Осыдан 3 күн бұрын Ысқақ «Бәйтерек» монументінің суретін салып, мұнда экскурсияға келуді армандаған. Енді ол Ирак елінен қайтарылған балалармен бірге аңсағанына жетті.

Бұл балғындар елге келген күннен елордадағы бейімдеу орталығында болды. Екі апта бойы ем қабылдап, псхилогтармен жұмыс істеді. Балалардың тәрбиешілерге үйреніп қалғаны сонша, тіпті жақын туыстарына баруға асықпайды.

Айбек Қылышбек, психолог:

- Реабилитация өтіп жатқан жерде үйреніп қалды. Қазір басқа орта болғандықтан, жатырқап жатыр. Оған қоса бөтен адам көп. Ал өзіне таныс адамды жақын тартады.

Балалар «Бәйтерек» монументіне шығып, әсем елорданы биіктіктен тамашалады. Ғимаратта алғаш рет болғандықтан оларға арнайы экскурсия да ұйымдастырылды.

Кішкентайынан сұм соғысты көзбен көрген жеткіншектер қуаныштарын қойындарына сыйғыза алмай, сезімдерімен бөлісті. Тілектерін де тіледі.

Ысқақ:

- Мен «Бәйтеректің» ішіндемін. Іші күшті, жақсы екен. Сабағымды жақсы оқимын.

Ұзақ уақыт күтіп, немерелерімен, жақындарымен қауышқан туыстары да қуанды. «Бұл балаларды ешқайда жібермей, бауырыма басып бағамын», – дейді.

Мәрзия, Ысқақтың әжесі:

- Қуаныштымын. Елбасымызға, бәріне де рахмет айтамын. Осы іспен айналысқандарға алғысым шексіз. Ешқайда жібермеймін. Өзімде болады.

Ольга Рыль, «Права» қоғамдық қорының директоры:

- Бұл балалардың балалық шағындағы суреттері жоқ. Енді міне біз әр отбасыға осындай альбом сыйлап жатырмыз. Мұнда олардың орталықта кімдермен бірге болғандығы көрсетілген.

Балаларға алдағы уақытта да мемлекет тарапынан түрлі көмектер көрсетіледі. Мектеп пен балабақшаларға орналастырып, олардың қоғамға тез сіңісіп кетуі үшін жұмыстар атқарылатын болады.

Ержан Ашықбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Әрі қарай үлкен жұмыстың алдында тұрмыз. Ең бастысы – мына кішкентай балалардың туыстарымен қауышып, осы қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сіңісуі. Оған барынша жағдай жасалатын болады. Олар жергілікті мемлекеттік органдардың қамқорлығын көреді. Балабақша, мектеп ұйымдастырылады. Ел болып қамқоршы, тілекші болдық. Бірақ нағыз қамқор көретін жерлері – жанұясы.

Елге қайтарылған баланың барлығы жақындарына табысталған жоқ. 4 балғынның туыстары бүлдіршіндерді бауырларына алуға әлі дайын емес екендіктерін жеткізіпті. Қазір олар отбасы үлгісіндегі балалар үйіне жайғастырылды.

Раиса Шер, ҚР Білім және ғылым министрінің балалар құқығы жөніндегі кеңесшісі:

- Біз енді Сыртқы істер министрлігімен бірге бұл балалардың басқа туысқандарын іздестіретін боламыз. Әзірге 4 балғын мемлекеттің қамқорлығында қала береді. Бірақ оларды өз бауырына басамын деген мейірімді отбасы ниет танытса, оны біз құба-құп көреміз. Ал жалпы барлық бала жеке бағдарлама бойынша білім алады. Оларға мұғалімдер де бөлінеді.

Аман-есен елге оралған балалар енді туған-туыстарымен үйлеріне қайтады. Олардың алдындағы қазіргі басты мақсат – қоғамда тез бейімделіп, болашақта еліне елеулі азамат атану.

Риат Шони, тілші:

- Осымен «Русафа» гуманитарлық акциясы толығымен тәмамдалды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Ирактан қазақстандық 14 бала аман-есен елге жеткізілді. Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, енді Ирак елінде бірде-бір қазақстандық бала жоқ. Бірақ іздестіру әлі тоқтатылмады. Табылған жағдайда Қазақстан билігі өз азаматтарын қиын жағдайда жалғыз қалдырмайтындығын жеткізді.

Авторлары: Риат Шони, Марат Таубаев