Қазақстанда үш бірдей тәуелсіз кассациялық сот құрылады
Мәжіліс депутаттары сот жүйесін реформалау туралы Заң жобасын мақұлдады. Өзгеріске сәйкес судияның шешімімен келіспеген азаматтардың өз ісін қайта қаратуға мүмкіндігі артады. Ал азаматтардың өтініші жарты жыл ішінде міндетті түрде қаралуға тиіс.
Сөздің тоқетері соттар өзіне жабық жүйе құрып алған. Депутаттар олардың қызметіне осылай баға берді. Сөзі дәлелді болуы үшін тағы да мысал келтірді.
Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кейбір сотталушылар менің сотым ашық өтсін десе, оны да қабылдамайды. Бізге өте көп шағым келеді сот ісі бойнша. Ал регламент бойынша біз сот ісіне араласуға қақымыз жоқ. Содан кейін сот шешімінің орындалуы. Орындалуы қатты тапқа бөлінеді. Кейбір адамдардың шешімін бір-ақ күнде орындап тастайды. Кейбір адамдардың шешімін жылдап орындата алмайды.
Қазақстандағы соттар қалай жұмыс істейді? Бізде 2016 жылға дейін 5 сатылы сот төрелігі болды. Кейін салаға реформа жасалып, 3 сатылы сот төрелігіне көштік. Міне, сол кезде кассация айтарлықтай қысқартылды. Салдарынан қазір жалпы істің 5%-і ғана кассациялық сатыда қаралады. Былайша айтқанда қолжетімсіз. Шығарған шешімдеріне азаматтардың көңілі толмайды.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мәжіліске, Президент Әкімшілігіне осы жоғарғы сотта әділеттік таба алмаған азаматтар бізге келіп жүгінді. Қазірдің өзінде азаматтар өте көп. Осы Заң қабылданғаннан кейін азаматтардың Жоғарғы сотқа шағымдары тоқтай ма, әлде жалғаса бере ме? Шынын айту керек, Жоғарғы Соттың шешімдеріне халықтың ашу-ызасы көп. Өйткені соттың шешімдері көп жағдайда халыққа түсініксіз.
Енді жаңадан құрылатын кассациялық сот осы кемшіліктің орнын толтыруы тиіс. Атап айтсақ, әр істі үш судьядан тұратын алқа тараптарды шақыра отырып, ауызша жүреді. Міне, солар бірден барлық мән-жайды түсіндіріп беруге міндетті. Істерді қарау мерзімі 6 айдан аспауы тиіс. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша 3 кассациялық сот Астанада құрылады. Талқылау кезінде сот қызметін жетілдіру бойынша басқа да ұсыныстар айтылды.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Кей істерді өзге аймақта қарау тәжірибесін енгізу көзделген. Бұл қалай жұмыс істейді? Мәселен, Астандағы істі Маңғыстау немесе Алматыдағы судья онлайн түрде қарайды. «Тараптармен тікелей байланысқа шықпаған соң жемқорлық тәуекелі төмен болады», - дейді мамандар.
Мәжілісте қаралған келесі сұрақ ерекше табиғи парктерге баратын туристерден төлем алу тәртібін жетілдіруге қатысты. Ұлттық парктер өз қызметі үшін келушілерден жыл сайын шамамен 1 млрд теңгеден астам қаражат жинайды. Бір қызығы ақша әлі күнге қолма-қол алынады. Электронды төлем неге жоқ?
Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Өткізу пункттерін автоматтандыру жұмыстары былтыр басталды. Оған қажетті қаражатты сол ақылық қызметтер арқылы жинаудамыз. Ұлттық парктерде жоспарланған бұл жұмыс келесі жылы аяқталады деп күтілуде.
Айта кетейік, табиғи аумақта тұрақты тұратын азаматтар төлемнен босатылады. Оқушылар мен волонтёрлар үшін де ұлттық парк қызметін пайдалану тегін.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин