30 ерікті денсаулық күзетіне шықты
Ол жөнінде «Жедел мединалық көмек» ұлттық орталығымен келісім жасалды. Мұнайлы өңірден басталған еріктілер қозғалысының денсаулық сақтау саласына тигізер пайдасы қандай?
Арман Қасымов үшін осы жыл ерекше болды. Ол еріктілер форумында «Еліміздің медицина саласындағы үздігі» болып танылды. Сондай-ақ атыраулықтардың медицинаға көрсеткен қолғабысы енді еліміз бойынша тәжірибеге енгізілетін болды.
Арман Қасымов, ерікті:
- Қараша айында республикалық жедел жәрдем қауымдастығымен келісім шартқа қол қойдық. Соның нәтижесімен келесі жылдан бастап үлкен жобаны іске асырайық деп едік. Оның мақсаты – ресублика бойынша жедел жәрдем стансасына еріктілерді көмекке шақырып және оларға алғашқы медициналық көмекті қалай көрсетуді үйрету.
Жедел жәрдем қызметінің тірлігі Арманға жете таныс. Мұнай компанияларының бірінде қаржыгер болып жұмыс істейтін белсенді жас қолы қалт етсе, жедел жәрдем стансасына асығады. Ол 11 жылдан бері станса дәрігерлеріне қалтқысыз көмектесіп келеді. «Жаны қиналғанның қасынан табылу – Арманның өмірлік қағидасы» десе болатындай.
Осы жылдар ішінде Арман станса дәрігерлерімен бірге талай қиын да, қызықты сәттерге куә болды. Жол апатынан зардап шеккендердің қиналысы, науқастың үйін таппай адасу немсе балшыққа батқан көлікті итеру. Соның бәрінде жігерлі жас дәрігерлердің қасынан табылып келеді.
Құралай Ысқақова, жедел жәрдем стансасының фельдшері:
- Арманның жұмысымызға көмегі өте зор. Көмектесіп, бізбен таңға дейін жүрген кездері де болды. Сол үшін де оған көп рахметімізді айтамыз.
Қалалық жедел жәрдем стансасына тәулігіне бір мыңнан астам шақыру түседі екен. Оның барлығына үлгеру – жедел жәрдемнің міндеті. Сол үшін де олар күн-түнді таңдамайды. Егер сондай шақырулардың септігі тиіп, науқас аман қалса, онда Арман Қасымовтың да үлесі бар.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Матенов