«Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының иегерлері марапатталды
Сапа саласындағы жетістігі үшін берілетін сыйлық тек жүзден жүйріктерге бұйырды.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Үздіктерді марапаттау рәсімі әлі де жалғасып жатыр. Алдымен тапсырылған атаулы сыйлықтарға аз-кем тоқталып өтсек. Жеңімпаздар 7 бағыт бойынша марапатталды. Оның ішіндегі сыйлықтардың төресі – Президент өз қолымен тапсыратын «Алтын сапа» және «Парыз» белгілері және тұңғыш рет үздік дизайнерлерге «Алтын оймақ» сыйлығы берілді. Ұлы дала елі сыйлықтарының қай-қайсысы да екінің біріне бұйыра беретін марапат емес. Өндірген тауары халықтың көңілінен шыққан кәсіпорындар ғана алады. Әлемде сапаға берілетін 70-тей сыйлық түрі бар. Оның тарихы 1880 жылдардан басталады. Ал ҚР Президентінің «Алтын сапа» белгісі 2006 жылдан, «Парыз» 2008 жылдан бері беріле бастады. Бұл – ел игілігі үшін еңбек етіп жүргендерге көрсетілген ерекше құрмет. Биылғы байқауға 600-ден астам кәсіпорын қатысқан. Солардың ішіндегі ең үздік 65 кәсіпорын аталған сыйлықтарды иеленді.