Ауыл әкімдерінің іскерлігі жеке бюджет мөлшерімен өлшенеді
Бұған халқының саны 2 мыңнан асатын ауыл, елді мекен және қалалар кіреді. Бұл – жергілікті жерлердегі өзін-өзі басқару жүйесін арттырып, ауылдарды басқа бюджет көздеріне тәуелділіктен босату. Қазір кейбір өңірде бұл бағыт өз тиімділігін көрсетті. ШҚО-да бүгінде жүзден аса ауыл мен елді мекен осы дербес бюджетке көшірілді. Жаңа жүйенің ерекшелігі неде?
Ертіс ауылдық округі әкімінің жұмыс күні бдюжетті тиянақтаудан басталды. 3,5 мың тұрғыны бар бұл ауыл дербес бюджет тәсіліне 2018 жылдан бастап көшті. Өткен жылы салықтың үш түрі бойынша ауыл қазынасына 24 млн теңге жиналған. Сол қаржыға былтырдан бері біраз іс тындырылған.
400 метр жағаны бекіту үшін ауыл бюджетінен 1,5 млн теңге бөлінген. Енді қыс пен көктем айларында ауылдың шетіндегі тұрғындар «су басады» деп алаңдамайды.
Екатерина Сорокина, зейнеткер:
- Жағаға жайылған су жылда басып қалатын. Былтырдан бері үрейіміз сейілді.
Ертіс ауылдық округінде 8 көше жөнделіп, 5 көше жарықтандырылған. Ал бюджетке түскен қаржының жұмсалуын әкімнің жанынан құрылған арнайы кеңес шешеді.
Ерлан Жұмағұлов, Ертіс ауылдық округінің әкімі:
- Жылдың аяғында келесі жылға жоспар жасаймыз. Мысалы салықтан қанша ақша түседі, соны жоспарға кіргіземіз. Сонан кейін сол ақшаны жергілікті қоғаммен шешеміз. Қай көшеге жарық саламыз? Қайсысының жолын жөндейміз? Соны өзіміз шешеміз. Жоғары жақтан ешкім айтпайды.
Жоғары жақтан ешкім ештеңе айтпас үшін ауыл әкімі қызметінде іскерлігін көрсетуі тиіс. Салықтан түскен әр тиынды есептеп, өзі басқарып отырған елді мекендегі кәсіпкерлерге барлық жағдайды жасауға мүдделі. Көлік доңғалағын үгітіп, саябақ пен ойын алаңдарына түрлі төсеніш шығаратын мына кәсіпорын Ертіс ауылдық округінің бюджетіне қомақты қаржы құйып отыр. Оған қоса осы ауылдың 50 тұрғыны тұрақты еңбек етеді.
Антон Шишаев, кәсіпкер:
- Тапқан қаржының осы ауылда қалуы біз үшін маңызды. Өйткені сол дамыған, көркейген ауылда өзіміз тұрамыз. Яғни өз еңбегіміздің нәтижесін ауылдағы барлық тұрғын көреді деген сөз.
2018-жылдан бастап облыста 100-ден астам ауыл төртінші деңгейдегі бюджетке көшірілген. Былтыр осы ауылдардың қазынасы 2,5 млрд теңгеге жеткен. Ал биыл 7 млрд-қа толығады деген болжам бар. Бұл – тек салықтың бірнеше түрінен түсетін түсім.
Авторлары: Олжас Керейхан Дмитрий Пыхтин