Тәуелсіздік күні қарсаңында 60-тан астам ақтөбелік мемлекеттік награда иеленді
Сондай ақ облыс басшысы өткен жылда атқарылған істерді қорытындылап, жиналғандарды қол жеткізген жетістіктермен таныстырды.
Орта мектепті тәмамдаған соң аспаз мамандығы бойынша білім алған Күлшат Байтенова: «Темір илеп, тас ерітуді кәсіп етемін деп ойлаған емеспін», – дейді. Бірақ еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары тағдырдың өзі ферроқорытпа зауытына жетелеп әкелген. Содан бері өндіріс орнында кран машинисі қызметінде жұмыс істейді.
Күлшат Байтенова, кран машинисі:
- Қызметім ауыр болғанымен, өзіме ұнайды. Сондықтан басқа мамандықты игеруді ойлаған да емеспін. Бүгінгі мерекеде еңбегімнің жемісін де көрдім. Қуанышымда шек жоқ.
Ауыр өндірісте тер төккен жанның жетістігі бағаланып, «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Күлшат Байтеновадан бөлек түрлі сала өкілдері, жүргізушілер, ұстаздар, дәрігерлер мен мәдениет және кәсіпкерлік саласының үздіктері аталып өтті. Жиналғандар алдында өткен жылды қорытындылаған облыс басшысы өңірдің жетістіктеріне бұл азаматтардың қомақты үлесі бар екендігін атап өтті.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң көрсеткішке қол жеткізді. Экономикалық өсім 105% болса, негізгі капиталға инвестиция көлемі 107%, ал құрылыс 102,5% артты. Бөлшектелген тауар айналымы 100% асып, 100,7% жетті.
Мерекеге орай ұйымдастырылған жиында тағы 4 азаматқа «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың қатарында әлемге әйгілі ақтөбелік Димаш Құдайберген де бар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков