Димаш Құдайберген Діндер съезінде «Ізгілік елшісі» атанды
Әлемге танымал әншіміз Димаш Құдайберген тағы бір ұйымның «Ізгілік елшісі» атанды. Бүгін Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXII отырысында даңқты жерлесімізге осындай атақ берілді. Бұған дейін ол Біріккен Ұлттар Ұйымының елшісі болған еді. Жиында сондай-ақ келесі сьездің қашан және қандай тақырыпта өтетіні айтылды.
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы әлемдік діндердің көшбасшыларына өте таныс жер. Олар мұнда 20 жылдың ішінде 7 рет бас қосты. Ал 8-кездесу келесі жылы өтеді. Бүгінгі жиын соның алдындағы дайындық жұмыстарын пысықтау.
Хатшылықтың отырысына әлемнің 20 шақты елінен 30-ға жуық діни көшбасшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды. Жиын басталмас бұрын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев олардың әрқайсысымен жеке-жеке сәлемдесіп шықты. Ал келелі кездесу әлемде бейбітшілік жасасын деген ниетте дұға жасаумен басталды.
Қазір бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Жер жаһанның әр қиырында түрлі қақтығыстар өршіп тұр. Ал осы геосаяси шиеленістердің салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегіп жатқаны жанға батады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Бүгінде рухани дипломатияның маңызы артып келе жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей: «Қазіргі таңда әлемде саяси белгісіздік белең алған жағдайда мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты арттыру аса маңызды». Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі сияқты диалог алаңдарын дамыту айрықша мәнге ие.
Қазақстан қашан да әлемді әділеттілікке, жаһан жұртын жанашырлыққа үндеп келе жатқан бейбітсүйгіш мемлекет. Мұны қазір бүкіл дүниежүзі біледі. Дінбасылардың сьезі де – соның айқын дәлелі. Енді бұл жиын жастардың күш-жігерімен қуатталады.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрі:
-Ертең съезд тарихында алғаш рет жас діни лидерлер форумы өтеді. Іс-шараның мақсаты – жаһандық сын-қатерлерді шешу жолында ұрпақтар сабақтастығын жалғау, күш-жігерді біріктіру. Форум аясында съездер мен хатшылықтардың діни материалдарының электрондық кітапханасының, олардың қатысушыларының, еңбектерінің таныстырылымы өтеді.
Отырыста Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің алдағы 10 жылға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, «Ізгі ниет елшілеріне» төсбелгілері мен куәліктері табысталды. Бұл атаққа Димаш Құдайбергеннен бөлек әлемде беделі бар тағы бірнеше адам ие болды. Ал, 8-съезд 2025 жылдың 17-18 қыркүйек күндері «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына өткізіледі.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Самат Сүлейманов