Көкшетауда тасқыннан зардап шеккен 8 отбасыға үй берілді. Өңір жаңалықтары
Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккендерге пәтер кілттері табысталды. Осылайша соңғы екі аптада жалпы саны 11 отбасы баспаналы болды. Ал Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Жақсы мен Зеренді аудандарында бүлінген 70-тен астам үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Шығын көлемін есептеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Түркістан облысында жекеменшікке берілген 18 мың гектар жер мақсатты игерілмеген.
Келес ауданының прокурорлары бірқатар заңсыздықты әшкереледі. 12 шаруа қожалығының иесі, мыңдаған гектар жерді пайдаланбай қараусыз қалдырған. Ал Бірлік, Жаңатіршілік, Мәдениет ауылдарында жайылымдық жер тапшы. Енді игерусіз жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылып, төрт түлікті жаю үшін халық игілігіне беріледі.
Шымкентте Еңбекші ауданында 22 тұрғын белгісіз сұйықтық иісіне уланып қалды
Куәгерлердің айтуынша, жүк көлігіне тиелген 800 литрлік темір бөшкеден отқа ұқсас сұйықтық төгіліп, газ бен бу ауаға тараған. Сол маңдағы тұрғындар мен балалардың тыныс жолдары тарылып, басы айналған. Токсикология орталығы дәрігерлерінің тексеруінен кейін барлығы үйлеріне шығарылды. Ал экологтар мен санитарлық мамандар сұйықтық төгілген аумақтан сынама алып, талдау жасады. Алдын ала болжам бойынша ауада аммиак, пропан, метан, көмірсутекті мұнай газы шамадан артуы мүмкін.
Талай жылдан бері құрылысы тоқтап қалған Тереңсай өткеліндегі жұмыс қайта жанданды
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысы жүріп жатыр. Енді Қатонқарағай, Рахман бұлақтары, Берел сынды табиғаты ерекше туристік орындарға апаратын жол қысқарады. Биыл бюджеттен 12 миллиард теңге қарастырылған. Оның 3 миллиард теңгесі бөлінді.