Қостанай облысында 24 отбасы баспаналы болды
Бірден 24 отбасына салтанатты жағдайда жаңа пәтер кілті табыс етілді.
Гүлдана Хасенованың мамандығы заңгер. 4 баласы бар. Көпбалалы ана осы күнге дейін пәтер жалдап келген. Федоров ауданында жер үйді жалдау ақысы айына 20 мың теңгеден кем емес. Енді міне мемлекеттік бағдарламаның арқасында тұрғын үй тауқыметінен құтылғанына дән риза.
Гүлдана Хасенова, Федоров ауданының тұрғыны:
- «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы үй алғанымыз біз үшін үлкен қолдау болып табылады. Өйткені балаларымыз үшін көпқабатты үйде бүкіл жағдай жасалған. Сол үшін барлықтарыңызға алғыс білдіремін.
Салтанатты жағдайда 24 пәтердің кілті өз иелеріне тапсырылды. Қоныс той қуанышына кенелгендердің дені – көпбалалы аналар, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен тұрмыс жағдайлары төмен отбасылар. Жалға берілетін үш қабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғызылды. Былтыр жобасы дайындалып, биыл қысқа мерзімде толық салынып бітті.
Карина Мұратова, Федоров аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы:
- Бұл үйдің құрылысын 2019 жылдың мамыр айында бастадық. Желтоқсан айында толық аяқтап, тексеріп, тапсырдық. Жылу, суы өткізіліп, ақталып, сырланып, дайын күйінде беріліп отыр. Екі бөлмелі пәтерлер аумғы 50-52 шаршы метрді құрайды.
Федоров ауданында 232 адам баспана кезегінде тұр. Аудандық деңгейде бұл тым көп саналады. Сондықтан мұнда тағы бірнеше көпқабатты үй салу жоспарланып отыр. Қазір екі үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайын.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг