Хабар телеарнасы

Соколов-Сарыбай кен орнында жұмысшы қаза тапты. Өңір жаңалықтары

Қостанай облысындағы Соколов-Сарыбай тау-кен байыту кәсіпорнында жұмысшы қаза тапты. «Соколовский» шахтасында 280 метр тереңдікте жару жұмыстарынан кейін бөлшектелген тастарды жинау кезінде тау-кен жынысы опырылып кетіп, ұңғылаушының үстіне құлаған. Жұмысшы сол жерде көз жұмды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Ақтауда ауызсу кестемен беріліп жатыр. Теңіз жағасындағы қалада су қысымы төмендеген. Тіршілік нәрін Маңғыстау атом энергия комбинаты тұщытады. Қазір мұнда сегіз қондырғы жұмыс істеп тұр. Аптап ыстық басталғалы халық ауызсуға жарымай отыр. Бұл мәселені шешу үшін Каспий су тұщыту зауытында тамыз айында жаңа қондырғы іске қосылады. 

Шымкенттегі кітапханаларда кадр тапшы. Мұны сала мамандары Сенат депутаттарымен кездесуінде айтты. Руханият ордасының қызметкерлері аталған мәселені мемлекеттік тапсырыстың азайып кетуімен байланыстырып отыр. Түлектердің бұл мамандықты таңдамайтыны да сондықтан дейді. 

Ақтөбе облысының Қаракөл ауылында тозығы жеткен мектеп пен мәдениет үйі жөнделіп жатыр. Бірі 70 жыл бұрын салынса, екіншісінің жарты ғасырлық тарихы бар. Сондықтан мердігерге мәдени нысанның өзіндік ерекшелігіне нұқсан келтірмеу туралы талап қойылған. Ал білім ұясының қабырғалары кірпішпен көтеріліп, шатыры ауыстырылады. Жалпы өңірде биыл 48 білім беру және 15 мәдениет ошағы күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 9,5 млрд теңге бөлінген.