Жастар кәсіпкерлікке ден қойды
Мемлекеттік грантқа ие болып, ерекше кәсіп ашқандары да бар. Солардың бірі – Түркістандық 4-курс студенті Ерсұлтан Әбдіраман. 23 жастағы жігіт дұрыс тамақтану үдерісінің жаңа жүйесі микрогрин өнімін өсіруді қолға алыпты.
Ерсұлтан Әбдіраман – Түркістан қаласының тумасы. Қазір агроөнеркәсіп саласының өсімдік шаруашылығында тынбай ізденуде. Жастар жылы өз жобасын ұсынып, 3 млн теңге грант ұтып алған. Оған микрогрин өнімін өсіретін шағын зертхана ашып, дайын өнімді Шымкент қаласындағы мейрамханаларға өткізуде. «Дұрыс тамақтану бағытында таптырмайтын өсімдік денсаулыққа да пайдалы», – дейді.
Ерсұлтан Әбдіраман, жас кәсіпкер:
- Біздің өнім дұрыс тамақтану үрдісінің жаңа форматы «микрогрин өнімі» деп аталады. Бұл – 100% табиғи өнім. Оны нық сеніммен айта аламын. Өндіру, өсіру барысында біз тек үш-ақ ресурсты пайдаланамыз. Ол – ауа, су және сапалы тұқымдар. Яғни біздің өнім 5 пен 10 күн аралығында дайын болады. Ол ешқандай химиялық қоспалармен өңделмеген сапалы өнім болуы керек.
Ал 25 жастағы жас ғалым Амалбек Өміртай оқымыстылар отбасында дүниеге келген. Атасы саналы ғұмырын ғылымға арнаған. Немересінің зеректігін жастайынан байқап, ғылым жолына баулыпты. Орта мектепті Шымкент қаласында аяқтаған ол Алматыдағы әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультеті, әлем экономикасы мамандығы бойынша білім алған. Халықаралық экономика саласында жазған ғылыми еңбектері еліміздің экономикасын дамытуға септігін тигізуде.
Амалбек Өміртай, жас ғалым:
- Қазақстанның түрлі мемлекеттермен сауда келісімшарттарын жасау жиындарына, кездесулеріне, өзге мемлекеттермен болатын әртүрлі іскерлік форумдарда Қазақстан тарапынан қатысып, өзімнің біліктілігімді шыңдадым. Қазақстанның энергетикалық, экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыптарында бірнеше зерттеу жұмыстарын жаздым. 25-ке келгенде оқумен де, жұмыспен де әлемнің 30-дан астам елінде болдым.
Әлемдік экономика мен халықаралық қатынасты тереңнен зерттеп, мемлекеттік қызмет пен ғылым саласын ұштастыра білген Амалбек – қазір Түркістан қаласындағы «Turkistan Invest» компаниясының инвестиция тарту және экспортты ынталандыру орталығының бас менеджері. Талапты жастардың еңбегіне елі риза.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы