Кәсіпкер: Қымыз бен шұбат өндірісі – сарқылмас байлық көзі
Құжатта бар, өмірде жоқ. Елдегі бірқатар фермер 2 миллионнан аса мал басын тіркеп, деректерді бұрмалаған. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі статистиканы қайта қарап, айласын жүзеге асырмақ болғандарды анықтады. Бұрмалау, әсіресе Түркістан облысында көп. Тіркелген 1 млн-нан астам малдың саны қайта санағанда 735 мың екені анықталды. Ал Батыс Қазақстандағы фермерлер 107 мыңнан аса мал басын артық көрсеткен. Үштікті Абай облысы түйіндейді. Құжатта көрсетілген 665 мың мал басы қайта санағанда 479 мың екені анықталған.
«Қара алтыннан» «ақ алтынға» өтетін кез келді». Мыңдап түйе өсіріп, шұбат өндірісін өркендеткен кәсіпкер Сыдық Дәулетов осындай пікірде. Оның пайымдауынша, жер асты қазба байлықтары уақыт өте таусылады. Ал қымыз бен шұбат өндірісі – сарқылмас байлық көзі әрі ұлттың саулығы.
Сыдық Дәулетов Алматы облысына Қарақалпақстаннан көшіп келген. 1990 жылдардағы тоқырау кезеңінде екі қолға бір күрек таппай, Алматының барахолка атанып кеткен қан базарында манты сатты. Көп ұзамай Сыдық Әбуұлы бар тапқан ақшасына үш түйе сатып алып, өсіре бастайды. Содан бері арада ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Ол бүгінде өзінің адал еңбек, маңдай терінің арқасында Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың қатарына қосылды.
Сыдық Дәулетов, кәсіпкер:
-Жер асты байлығы 10 жыл болсын, 100 жыл болсын, таусылады. Сондықтан біз қара алтыннан ақ алтынға, ақ алтын деп отырғаным менің жер бетіндегі байлықты тиімді пайдалану. Ол ауыл шаруашылығында мал өсіру, егін егу...
Түйешінің «Қазақстан тез арада қара алтыннан ақ алтынға өтіп, агроөнеркәсіптік кешенді жан-жақты дамыту ісін шұғыл қолға алуы тиіс», – деген сөзінің жаны бар. Мәселен, еліміздегі жанар-жағармай бағасы бүгінде орта есеппен 241 теңге болса, шұбаттың әр литрі 800-1000 теңге аралығында саудаланып жатыр. Сыдық Әбуұлы үш жыл бұрын Іле ауданындағы Ақши ауылынан құрғақ түйе сүтін өндіретін зауыт ашты.
Төлеген Омаров, Күрті ауылдық округінің әкімі:
-Миллиард 200 миллионға ол кісі инвестиция тартып, ауылымызға зауыт салды сүтті жаңағы порошокты құрғақтандырып, шетел мемлекеттеріне экспортқа шығаруға. Қазіргі таңда Қытай мемлекетіне шығарып жатыр. Бір тоннадай сүт құрғақ өнімдерін мына Араб мемлекеттеріне жіберіп жатыр.
Шаруашылық күніне 5 тонна түйе сүтін сауып, айына 15 тонна ұнтақталған шұбат шығарады. Өндірілген өнімнің 50% экспортталады. Қалған бөлігі отандық нарықты қамтамасыз етуге бағытталған. Түйеші қайырымдылық шараларына да ұдайы көңіл бөліп отырады. Ол тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға арнап 12 үй салып берді.
Ақмарал Айтжанова, Ақши ауылының тұрғыны:
-Біріншіден, үй салып берген ағаға алғысымды айтамын. Мына үшемді босанғанда үй салып беремін деп өзі айтқан. Сөйтіп қатты қуандым. Ағаға мың алғыс айтамын.
«Мал баққанға бітеді», – дегенді қазақ тегін айтпаған. Осыдан 23 жыл бұрын өз кәсібін 10 шақты түйемен бастаған Сыдық Дәулетовтың шаруашылығында қазір 7500 басқа жуық түйе бар. Болашақта олардың санын 15 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов