Тәуелсіздік алғалы 1 млн-нан астам қандасымыз атамекенге оралды
Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бері елімізге 1 млн 57 мың қандасымыз қоныс аударды. Солардың бірі Жаңаберген Мұхамедұлы 1991 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келген. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүр.
Тәуелсіздіктің таңы атқан күні-ақ тарихи Отанына оралған Жаңаберген Мұхамедұлы ерен еңбегі мен еліне деген сүйіспеншілігінің арқасында елеулі жандардың қатарына қосылды. Алматы облысының шұрайлы жеріне қоныс тепкен қандасымыз қазір Түрген ауылында түтінін түтетіп отыр. Кәсібін жеміс-жидек өсіруден бастаған ақсақал әртүрлі салада еңбек етіп, көптеген марапатқа ие болды. «Бұл жетістігімнің барлығы – тәуелсіздіктің жемісі», – дейді.
Жаңаберген Мұхамедұлы, қоғам белсендісі:
- Тәуелсіздік арқылы қазақ ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жеткізді. Бұл тәуелсіздік қазаққа еркіндік берді. Бұл тәуелсіздік шетелде Отанының бір уыс топырағына жете алмай жүрген қазаққа мүмкіндік берді. Соның арқасында шетелде жүрген миллиондаған қазақ өз еліне оралып, қазір егемен ел екенін сезініп өмір сүріп жатыр.
Жаңаберген ақсақал зейнет жасында болса да, қоғамдық істерге де белсене атсалысып жүр. 2006 жылы жерлестерімен бірлесіп «Елім-ай» қоғамдық қорын ашқан. «Мақсатымыз – сүрінгенге сүйеу, құлағанға тіреу болу», – дейді.
Жаңаберген Мұхамедұлы, қоғам белсендісі:
- Әр батамда «Алла қазақты тәуелсіздігінен айырмаса екен» деп бата жасаймын. Бес уақыттағы намазымның ішіне де соны қосамын. Елдің алдында бата бергенде де: «Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!», – деймін.
75 жастағы Жаңаберген Мұхамедұлы жұбайы Қыздаргүлмен бірге 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда немере-шөберелерін қызықтап жүрген ақсақалдың ендігі арманы – мектеп салу. «Өйткені болашақ білімді жастардың қолында», – дейді.
Сырымбек Төлеуұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы баспасөз қызметінің басшысы:
- Шетелден келетін қандастарымызды көшіріп алу туралы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Солтүстік бес аймаққа келген жағдайда олардың әрбіріне 88 мың теңге көлемінде қаржы төлейді. Сонымен бірге мемлекет тарапынан 1 жылғы пәтерақы төленеді.
Қазір шетелде тұрып жатқан 5 млн-ға жуық қандасымыздың көбі елге оралғысы келеді. Мамандар дерегіне сүйенсек, осы жылы 10 мыңнан астам этникалық қазақ елге оралған. Олардың басым көпшілігі Ақмола мен Маңғыстау облыстары мен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларына қоныстанған.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон