Хабар телеарнасы

1991 жылдан бері елімізге 1 млн 142 мың этникалық қазақ оралған

1991 жылдан бері Қазақстанға мемлекеттік қолдау шаралары аясында 1 млн 142 мың этникалық қазақ оралған. Бұл бағдарлама қазір де жалғасып жатыр. Мәселен, жыл басынан бері 14 мың 391 этникалық қазақ тарихи Отанына келіп, қандас мәртебесін алған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, олардың 45% астамы Қытайдан келген. Ал 39% Өзбекстаннан көшкендер. Моңғолия мен Түрікменстаннан қоныс аударғандар 5% асады. Ресейден оралғандардың үлесі 3% жуық. Қалғаны басқа елден келгендер.

Қоныс аударатындардың басым бөлігі – жастар. Яғни еңбекке қабілеттілердің үлесі 57% асады. Ал 33% еңбек жасына жетпесе, 9% астамы зейнет жасындағы жандар. Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталған. Олар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.