Хабар телеарнасы

Автогаз қатаң бақылауға алынады

Қазақстанның Энергетика министрлігі көлік отыны ретінде қолданылатын сұйылтылған мұнай газын мұнай-газ химиясы өнеркәсібі үшін стратегиялық шикізат ретінде бекітуді ұсынады. Үкімет отырысында министр Алмасадам Сатқалиев әлемде ешбір елде сұйылтылған мұнай газын ешкім көлік жанармайы ретінде пайдаланбайтынын, оны қосылған құн салығы жоғары өнім өндіруге жұмсайтынын мәлімдеді. Елімізде газбен жүретін көлік саны артуда. Былтыр ол 2022 жылмен салыстырғанда 18% көбейген. Газға көшкен автокөлік саны 600 мыңға жуықтапты. Бұл үрдіс сұйытылған газ тапшылығын одан әрі ушықтыруда. Қазірдің өзінде сұйылтылған газ тапшылығы 25% дейін жетеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше осындай жағдайда көгілдір отын көрші мемлекеттерге заңсыз шығарылып жатыр. Бұлай топшылауға негіз бар дейді мамандар. Соңғы кездері шекаралық өңірлерде газ тұтыну көлемі күрт өсіп кеткен. Демек бұл өңірлерде жасырын әрі заңсыз газ саудасы қалыптасқан дейді шенділер. Өйткені Қазақстанда көлік жанармайы ретінде пайдаланылатын газдың бағасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен салыстырғанда 2 есе арзан.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мен бұған дейін тиісті мемлекеттік органдарға сұйытылған газдың «көлеңкелі» экспортын, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікті белгілеу арқылы жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырдым. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне сәйкес, сұйытылған мұнай газын шетелдерге заңсыз шығарудың 14 фактісінің жолы кесілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет.

Осыған байланысты Олжас Бектенов автокөліктерге газ орнату қызметін бақылауға алу мәселесін көтеріп, көліктің техникалық құжатында тиісті белгінің болуын қадағалауды тапсырды. «Бұл нақты есеп жүргізуге әрі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет»,— деді Үкімет басшысы. Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тауарлық газдың бағасы біртіндеп көтерілетінін хабарлады. Биыл 1 шілдеден бастап көтерме саудада көгілдір отын құны орта есеппен 14% қымбаттапты.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Газ саласына инвестиция тарту үшін және тауарлық газдың өзіндік құнына қол жеткізу мақсатында халық үшін бағаның күрт өсуіне жол берілмеу есебімен газ бағасын кезең-кезеңімен көтеру талап етіледі. Үш жыл ішінде ішкі нарықта газды сатудың шығынсыз болуына қол жеткізуді жоспарлануда.