Алматы тағы да жер сілкінді
Алатаудың іргесіндегі жұрт тағы да көше безіп, әбігерге түсті. Зілзала ошағы қаладан 31 шақырым жерде қазақ-қырғыз шерасы аймағында 10 шақырым тереңдікте болған. Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы «5 балдық жер сілкінісі тіркелді» деп мәлімдеді. Дүмпу салдарынан бірқатар ғимарат бүлінгенімен тұрғындар дін аман. Қалалық Төтенше жағдай департаменті нысандардың зақымдануын тексеруге кірісті.
Зілзала күндізгі 11 сағат 22 минутта болды. Бұл кадрден табиғи құбылыстың әсерін көруге болады. Көп ұзамай Алматыда дабыл жүйесі іске қосылып, адамдар қауіпсіз жерге шыға бастады.
Сынған шыны-әйнектер, шашылған жиһаз. Қабырғаларына сызат түскен үйлер. Дүмпуден ес жиған тұрғындар әлеуметтік желіге әртүрлі видео сала бастады. Абырай болғанда қираған ғимарат жоқ. Адамдар аман.
Қауіпті сәтте кардиология институтының дәрігерлері қызметін тастамай, науқасқа отаны жалғастыра бергенін айта кету керек. Жалпы «Жедел желі» телефон желісіне ақпараттық сипаттағы 128 қоңырау түскен. Қала тұрғыны Күлтай Бердібекова: «Туыстарыммен дәлізде отырдық. Қабырға дірілдегенде дереу далаға шықтық»,— дейді.
Күлтай Бердібекова, қала тұрғыны:
-Аяқ сезілмей кетті. Сразу апаларды алып, далаға шықтық. Қорықтым, әрине. Екі қызым үшін қорықтым. Паспорт, төлқұжат бәрі бізде суырмада тұрады. Бірінші көмек. Сосын қатты жерлерде тұру керек.
Халықты қабылдау пункттеріне 1329 адам жүгінген. Коммуналдық, жедел жәрдем мен полиция қызметі күшейтілген жұмыс кестесіне ауыстырылды. Қаладағы қоғамдық тәртіпті 2 мыңнан астам тәртіп сақшысы қадағалайды. Эвакуяциялық пунктер мектеп, балабақша, жоғарғы оқу орындарында ұйымдастрылды.
Әлішер Әбдіқадыров, қала әкімінің орынбасары:
-384 қабылдау пункті іске қосылды. Тіршілікті қамтамасыз ету желілері қалыпты жұмыс істеп тұр. Тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың көзге көрінетін зақымдануы туралы келіп түскен өтініштер негізінде одан әрі қажетті ден қою шараларын анықтау үшін комиссиялық тексеріс ұйымастырылады.
Ал «Сейсмологиялық орталық дүмпулердің қайталануы мүмкін, бірақ оның қуаттылығы әлсіз сезіледі»,— деп мәлімдеді. Төтеншеліктер бұл сәтте үрейге бой алдырмай, қауіпсіздік ережелеріне сай әрекет ету керектігін ескертті.
Нұрлан Атығаев, қалалық ТЖД басшысы:
-Паникаға бой бермеңіз. Бірінші тербеліс аяқталғаннан кейін ғимараттардан шығыңыз. Жақын орналасқан халықты қабылдау пунктеріне барыңыз. Тек ресми көздерден алынған ақпаратқа сеніңіз.
Шаһардағы ғимараттарды, жол инфрақұрылымын, гидротехникалық құрылыстарды тексеру жұмысы жалғасады. Бүгін білім беру мекемелерінде сабақтар тоқтатылды. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілері, сондай-ақ әуежай мен теміржол вокзалдары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Авторлары: А.Садуақас. Р.Жақыпов