Шымкентте нысана көздеуден ұлттық біріншілік өтіп жатыр. Спорт жаңалықтары
Шымкентте нысана көздеуден ұлттық біріншілік өтіп жатыр
Шырайлы Шымкент қаласында нысана көздеуден командалар арасындағы ұлттық біріншілік өтіп жатыр. Құралайды көзге атқан қыздар арасында жарыс қожайындары ешкімге дес берген жоқ. Ал Арина Алтухова мен Александра Ле және Алина Сәтпаева бастаған Алматылық мергендер екінші орыннан көрінсе, үштікті астаналықтар түйіндеді. Ұлттық құрама мүшелері енді Бангкокты бетке алады. Тай елінде құрлық мергендері Азия кубогының кезеңінде сынға түседі.
Футзалдан 2026 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу тур ойындары жалғасады
Бүгін футзалдан 2026 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу тур ойындары жалғасады. Сәлден кейін Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында Қазақстан құрамасы Даниямен кездеседі. Бұрындары үлкен футболға мән беріп залдағы жарыстарға шекеден қарап жүрген Даниялықтар қазір футзалды дамытуға шындап кіріскен секілді. Алғашқы ойында байқадық, қарқындары жақсы. Өз алаңында Кака шәкірттерінен айласын асырып кетті. Бүгін біздің жігіттер есе қайтарады деген үміттеміз. Жергілікті жанкүйерлер алдында жерге қаратпас үшін жігіттер де жанын салуы тиіс. Тіпті бас бапкер ұлттық біріншіліктің бас мергені Асхат Күлбаевты да шақыртыпты. Топ тізгінін Армяндарға беріп қойдық. Енді ұпайдан шашау шығаруға болмайды. Естеріңізге сала кетейік құрлық додасына жеңімпаз командалар ғана жолдама алады. Ал екінші орын алған үздік сегіз команда қыркүйек ойында қосымша жолдамаға таласады.
Жәнібек Әлімханұлы кіммен жұдырықтасады?
«Қазақстайлдың» келесі жекпе жегі Қазақстанда өтеді деген әңгіме біраз уақыт бұрын шыққан. Енді қарсыласы да белгілі болған секілді. Америкалық инсайдер Майк Коппинджердің мәлімдеуінше, Жәнібек Әлімханұлы Француз Анауэль Нгамиссенгемен жұдырықтасады. Анауэльдің ата-тегі африкалық көрінеді. Кәсіпқой рингте 14 кездесу өткізіп, әлі жеңілістің ащы дәмін татып көрмепті. Тоғыз жекпе жегінде қарсыластарын нокаутқа жіберген екен. Бізге жеткен ақпарат бойынша Жәнібек пен Анауэл кездесуі Астанада өтеді. Әлімханұлы туған жерінде соңғы рет 2017 жылы шаршы алаңға шығыпты. Яғни кәсіпқой боксқа ауысқан кезде алғашқы екі кездесуін Астана мен Алматыда өткізген. Енді міне чемпиондық белбеулерін арқа төсінде қорғайды. Шаршы алаңда жеңілмеген жігіттердің жекпе жегін жұрт енді тағатсыздана тосады.