Ел тауарлары Қытайдың Ухань қаласында сатыла бастады
Осыдан бір ай бұрын «KazakhExport» және «Wuhan Asia Europe Logistics» компаниялары арнайы меморандуға қол қойған еді. Соның нәтижесінде отандық өнімдер 12 млн тұрғыны бар Ухань қаласына жеткізіліп, гипермаркет сөрелеріне қойылды. Отандық мамандар: «Бұл – үлкен көштің басы ғана», – деп отыр.
Дүкеннің тұсаукесеріне келген халықтың қарасы қалың болды. Барлығы біздің елден келген өнімдердің дәмін татуға асық. Қазақстандық ұн, тәтті тоқаш, балдай шырын, шоколад, тағысын тағы. Тұтынушылар дәмі тіл үйіретін тағамдарға жоғары бағасын беріп үлгерді.
Ху Мин Хао, қала тұрғыны:
- Қазақстандық тауарлардың бағасы қолжетімді. Қай-қайсы да жергілікті өнімдерге қарағанда шамамен 10% төмен. Мәселен, тәтті тоқаштың бағасы бар болғаны 3,9 юань. Мұнымен қоса, қазақстандық азық-түліктердің сапасы да жақсы.
Бұған дейін «KazakhExport» компаниясының бастамасымен қос тараптың мамандары бірнеше рет бас қосқан еді. Әсіресе қытайлық компания 30-ға жуық отандық өндірушімен жолығып, қазақстандық тауарларға сұраныс өскенін атап өтті. Мәселен, қазірдің өзінде Хубей провинциясына қазақстандық сұйық майлар тасымалы бір жолға қойылған.
Қытай үшін азық-түлік импортының маңызы ерекше. Осы тұрғыда қазақстандық тауарлар сұранысқа сай келіп, өз тұтынушыларын тауып жатыр. Айта кету керек, бастаманы іске асыруда «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының рөлі зор болды.
«Ухань қаласында тұсауы кесілген бастама ел экспортына тың серпін беруі керек», – дейді «KazakhExport» компанисының басшысы Руслан Ысқақов. Себебі бұл алып нарықтың тұтынушылары көп. Сондықтан мұнымен шектелмей, алдағы уақытта елімізден өзге де тауарлар жөнелтілетін болады.
Авторы: Бірлік Берікұлы