Есірткі сататындарға қатысты заң күшейеді
Яғни 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы аса ауыр қылмыс санатына ауыстырылады. Бұл туралы Сенат комитетінің отырысында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді. Сенатта қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қарастырылды. Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, қылмыстық заңнама бойынша бұған дейін есірткіні тарату орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатқызылып келген. Мемлекет басшысының сын-ескертпесінен кейін заңнамаға өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Сонымен қатар көлікпен адам қаққан жүргізушіге қатысты да заң аяушылық танытпайды.
Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Бүгінгі таңда мас әлде сау күйінде болсын адамды басып мерт қылса, 5 жыл бас бостандығынан айыру көзделген. Ал енді жаңа құрам кіргізіліп отыр. Яғни мас күйінде болса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Адам өлсе, жүргізушілік куәлігінен өмір бақи айыру көзделген.