Хабар телеарнасы

Түркістан облысында бүтін бір ауыл интернет пен ұялы байланыссыз өмір сүріп келеді

Түркістан облысының Төлеби ауданында бүтін бір ауыл жылдар бойы интернет пен ұялы байланыссыз өмір сүріп келеді. Мыңға жуық халқы бар Шахта Тоғыс елді мекені 21 ғасырда өркениет игілігін көре алмай отыр. Ал әкімдік байланыс операторларының антеннасы орнатылмағанымен, тұрғындар «Қазақтелекомның» кабельді желісіне қосылғанын айтады.

Шахта Тоғыс елді мекені Леңгір қаласынан небәрі 4-5 шақырым жерде орналасқан. Бірақ соған қарамастан, ауылда интернет те, ұялы байланыс та жоқ. Сондықтан елдімекен тұрғындары хат-хабар алу үшін осы қырдың басына шығады. Әсіресе мектеп оқушыларына қиын соғуда.

Тимуджин Сартаев, мектеп оқушысы:

-Биыл 11 сыныпқа өттік. Бізге ақпараттар керек. Ақпаратты алу үшін бізге байланыс керек. Біздің ауылда сеть ұстамайды. Ал интернетке шығу үшін қырға шығу керек. Кейде апайлармен бірге келеміз.

Тоғыс халқының айтуынша, кейбір үйлер мен мекемелерге интернет желісі тартылған. Алайда оның өзі мардымсыз. Жылдамдығы төмен. Ал ұялы байланыстың болмауы әсіресе цифрлық қызмет алуға, банк қызметін пайлалануға көп кедергі. «Ең сорақысы, адам ауырғанда телефонмен көмек шақырта алмай қиналамыз»,– дейді жұрт.

Сейітхан Жақсыбаев, ауыл тұрғыны:

-Осы Шахта Тоғыста 6 мекеме бар. 1 балабақша, медпункт, 2 мектебіміз, 198 үй бар. Мысалы, адам ауырып қалды. Жедел жәрдем шақыра алмайсың. Ең қиын жағдай осы болып тұр.

Долан Сартаев, ауыл тұрғыны:

-Мысалы, былтыр өрт сөндірушілерді да шақыра алмадық. Ағайындарымыздың шөбі өртенді, сарайы өртенді. Өрт сөндіруші уақытылы келді. Бірақ біз хабарласқанша кеш болды. Бәрі өртеніп, жоқ болып кетті. Бір антеннаны қойған баяғыда, әкімшілік пе, білмеймін. Қойды да, жарты жыл істеген жоқ онысы. Жинап алды да, алып кетіп қалды.

Көршілес Аққұм ауылы да байланыстан тыс қалған. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, екі ауыл түзеу мекемесіне тым жақын орналасқандықтан, байланыс жоқ. Алайда тұрғындар мұны қисынсыз дейді. Десе де, жауаптылар байланыс компаниясына хабарласып, мәселені жуық арада шешеміз деп отыр.

Бейбіт Төлешов, аудандық ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы:

-Шахта Тоғыс елді мекенінде 98% кабелді интернетімен қамтылған. Мобильді байланысқа келетін болсақ, ауылға кіре-берісте база станция орнатылған. Алайда жердің қыртысына сәйкес, ол жерге радиосигнал бармайды. Біз ұялы байланыс операторына хат жазғанбыз, олар кіреберістегі антеннаны жылжытамыз деп уәде берген. Жылжытқан жағдайда интернет ұстау мүмкіндігі бар.

Енді мобильді байланыссыз күн кешіп жүрген тұрғындарға жылдың соңын күткеннен басқа амал жоқ. Өркениеттен қол үзіп қалған екі ауыл ғана емес, Жаңа күш елді мекенінің жұрты да ұялы байланыстың игілігін көрмей күнелтіп жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш