Жыл соңына дейін елордада 10 тұрғын үй тапсырылады
Қала әкімі тұрғындармен кездесіп, осындай ақпармен бөлісті. Алтай Көлгінов: «Келер жылы биылғыдан екі есе көп баспана беріледі, сөйтіп алдағы 2-3 жылда үлескерлер мәселесі түбегейлі шешіледі», – деді. Қазір елордада 14 мыңға жуық үлескер бар.
Алтай Көлгінов, қала әкімі:
- Қолжетімді 419 баспананы кезекте тұрған азаматтарға Тұңғыш Президент күні қарсаңында тапсырдық. Сонымен бірге жуық арада Уәлиханов көшесінде 1050 пәтер жастарға берілсе, осы жұмада тағы 600 пәтер береміз.
Кездесуде баспанадан бөлек елордалықтарды мазалаған біраз мәселе талқыланды. Дені әлеуметтік салаға қатысты түйткілдер болды. Еске салайық, жаңа жылдан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдаудың жаңа механизмі қолға алынады. Қазір елордада мемлекеттік жәрдемақы алатын 16 мың отбасы тіркелген. Тағы 5 мың адамға АӘК пен әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Өткен 11 айдың ішінде 1 млн 600 мың қазақстандыққа 245 млрд теңге АӘК көрсетілді. Оның ішінде 1 млн 100 мыңы балалар.