Алматы облысында мектеп психологы оқушылардың зорланғанын анықтаған
Алматы облысының Матай ауылындағы мектеп психологын жергілікті атқарушы билік өкілдері мен полиция қызметкерлері мақтау қағазымен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Ол өз оқушыларын ауыл тұрғындарының бірі зорлағанын анықтаған. Нәтижесінде қылмыскер 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мектеп психологының атқаратын шаруасы шаш етектен. Дегенмен 15 жылдық тәжірибесі бар Ажар Дүйсенбекова бұл мамандықты таңдағанына еш өкінген емес. «Өйткені балалармен күнделікті жұмыс істеу маған қуаныш сыйлайды», – дейді ол. Өткен жылы мектептегі үлгілі оқушыларының бірінің мінез-құлқы бірден өзгеріп кеткенін байқаған ол жасырын сауалнама жүргізіп, кәмелет жасына толмаған қыз баламен оңаша әңгімелескен. Артынша оның бір емес, бірнеше мәрте зорланғанын анықтайды. Бір өкініштісі, аядай ғана ауылда мұндай оқиға бұрын да қайталаныпты. Тоқтаусыз жалғаса беруі де мүмкін еді.
Ажар Дүйсенбекова, психолог:
- Зорлық-зомбылық көрсеткенімен қоса, қызды жалаңаш күйінде видеоға түсірген. «Соны бүкіл интернет желісінің бәріне саламын», – деп қорқытқан. Содан қыз қорыққанынан ешкімге ештеңе айтпай жүрген. Оқушы: «Ол кезде өмірден түңілген кездерім де болды. «Өзіме қол жұмсайын ба?» деген ой да болды», – дейді. Жеке жоспармен жұмыс жасағанның арқасында қыз қазір ондай ойдан арылды деп айтуыма болады.
Ажар болған оқиғаны мектеп басшылығы мен балалардың ата-аналарына айтып түсіндіреді. Осылайша қылмыстық іс қозғалып, кәмелет жасына толмаған оқушы қыздарды зорлаған қылмыскер 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Зәмзәгүл Тілеубекова, Матай орта мектебінің директоры:
- Ол психолог ретінде өз мамандығын сүйеді және оқушылармен тіл табыса біледі. Мұғалімдердің де тілін табады. Әрбір адамның жанын түсініп, мінездеме бере алады. Ұжым өте жақсы. Психолог ұжымның алдында да беделді.
Жергілікті билік өкілдері мен полиция қызметкерлері жаңа жыл қарсаңында Ажар Дүйсенбековаға мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтар тапсырды. «Мен бұл әрекетімді ерлікке баламаймын, тек өз ісіме адал болдым. Өзіме жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырыстым», – дейді ол. Ал оның қылмыскерден жәбір көрген оқушысы бүгінде облыс орталығындағы колледждердің бірінде білім алып жүр. Жақында жас вокалистер байқауында бірінші орын алып, өзіне қоңырау шалып, сүйінші сұрағанын да айтты.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Әділхан Сахариев, Қуаныш Түргенбаев