Зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану ұсынысы әзірленді
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты. Әзірге қордағы қаражаттың нақты кімдерге берілетіні белгісіз. Түпкілікті шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды. Үкімет мүшелері арнайы есеп-қисап жүргізген екен. Айтуларынша, қазір зейнетақы қорында 10 трлн теңгеден аса қаражат бар. Орта есеппен әр салымшы қорға 1 млн теңгеден құйған. Ақшаны беретін кезде салымшыларға белгілі бір талап қойылмақ.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Үкімет жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар барлық есеп-қисапты жүргізді. Отандастарымыз зейнетке шыққанда олардың шотында 11-12 млн теңге болуы керек. Біздегі адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасты құрайды. Яғни зейнетке шыққанда шотында жиналған ақшаның кемінде 40% сақталуы тиіс. Біз өз ұсынысымызды әзірледік, енді оны Президенттің қарауына жібереміз. Нақты шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды.