«100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары анықталды
Оған әу бастан 1 673 өтінім қабылданып, 2-ші кезеңде 700 мыңнан астам отандасымыз онлайн дауыс берген. Ал 3-ші кезеңде әділқазылар отырысы өткен. Нәтижесінде биыл еліміздің ең талантты, ең жігерлі әрі әмбебап 32 тұлғасы үздіктердің қатарынан көрінді. Олардың арасында елімізді шетелде танытып жүрген жалынды жастар көп. Сонымен жаңа есімімен жарқыраған кімдер?
Ол – Марқакөл жағасында дүниеге келіп, балалық шағынан табиғатты құлай сүйген ару. Әсел Баймұқанова жыл сайын Каспий теңізі жағалауына барып, итбалықтың тыныс-тіршілігін бақылайды екен. Бірде жағалауда ауға шырмалып, жан тапсырғалы жатқан жануарды көріп, өзіне серт береді. «Қатары сиреп бара жатқан итбалық жер бетінен жойылмауы керек», – деп түйеді.
Әсел Баймұқанова, эколог, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- Мен 6 жылдан бері Каспий теңізіндегі итбалықтардың мінез-құлқын зерттеп жүрмін. Мен үшін азайып кеткен табиғат жаратылысын сақтап қалу өте маңызды. Каспий теңізіндегі эндемик итбалығы түрі қайталанбайды. Табиғатта ол жалғыз. Біз оны қорғауымыз керек!
Күрең күздің қара суығында суық су кешіп, итбалықты бақылайтын ол табиғаттың сырын жақсы түсінеді. 100 жыл ішінде 1 млн итбалық жер бетінен ғайып болған. Сондықтан күресу қажет!
Ал 32 жастағы Динара Шүкежанова машина құрастырады. Техникаға бет бұрғанына 9 жыл болыпты. Қазір ол – ірі көлік зауыты холдингтің вице-президенті.
Динара Шүкежанова, көлік құрастырушы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- 2011 жылы 23 жасымда алғаш рет зауытқа келдім. Жетекшім мені комбайн құрастыратын цехқа алып барды. Сенің тура 1 апта уақытың бар, осы аралықта комбайн деген не, құрылғылар қалай жұмыс істейді, гальваникалық цехтың металлургиялықтан айырмашылығы қандай екенін түсіндіріп беруің керек деді. Содан бері 9 жыл өтті. Бұл саланы жетік меңгеріп алдым. Қол астымда 2000-нан астам жұмысшы бар.
Динара Шүкежанова басқаратын зауыттағы әр 4-ші бойжеткен – ер азаматтармен иық тірестіре алатын механик. Нәзік жандылардың көмегімен биыл 45 мың автокөлік, 1000 трактор мен комбайн, 1000 автобус құрастырылған. Қазір 2,5 млн қазақстандық осы көліктерді тізгіндеп жүр.
Ал қазақстандықтарға ғана емес, шетелдіктерге де заң саласында кеңес беріп жүрген Әйгерім Берекешова: «Өмірдегі сенімділік жетістікке жеткізеді», – дейді.
Әйгерім Берекешова, корпоративті заңгер, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- Қазір жасым 30-да. Бұл істі 2012 жылы қолға алдық. Біз халықаралық деңгейдегі құқық қорғау, заң саласындағы жетістігіміздің барлығына осы 7 жылда жеттік. Біздің кеңселеріміз Қазақстанмен қатар, Италия, АҚШ-та жұмыс істейді. Жақында Қытайда өкілдік ашуды жоспарлап отырмыз.
Соңғы 20 жылда кәсіпкерлік саласында әйелдердің үлесі артты. Бірақ бұл ер адамдар бизнесті доғарды деген сөз емес. Қазақстандық аниматор Қанат Нұртазин шеберлігімен әлемді мойындатқан. Ол сурет өнерінің кәсіби маманы болмаса да, жаһандық жарнама нарығында өз қолтаңбасы бар. Ал Бауыржан Рақышев – дерті дендеп, жүрегі сыр берген науқастарға операция жасайтын білікті кардиохирург.
Бауыржан Рақышев, кардиохирург,«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- Біз 20 сағат жасаған операция да болды. Науқас өте ауыр жағдайдан кейін жақсы шықты. Себебі ол кісінің диагнозы өте күрделі болатын. Содан кейін үйіне аман-есен шығып, кейіннен қайта қаралуға бүкіл бала-шағасы, туысқандарымен келіп, бізбен отырып шай ішті. Сондай кезде жай жүрмегеніңді біліп, өзіңді рахат сезінесің.
Биыл «100 жаңа есім» жобасының 32 жеңімпазы анықталып отыр. Оның 25-і онлайн дауыс беруде суырылып алға шыққан. Ал 7-еуін әділқазылар алқасы таңдапты. Оның құрамында Роза Рымбаева, Серік Сәпиев, Қуаныш Шонбай сынды әр саланың майталманы болған.
Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Есбол Жәмшитов