2019 жыл саяси қорытындыланды
2019 жылдың 19 наурызынан кейінгі елдің саяси сахнасындағы өзгерістер тұтас қазақ қоғамның даму траекториясын өзгертті. Саясаттанушылар: «Биылғы жылдың ең басты саяси жетістігі – биліктің ауысы секілді сындарлы сәтті сәтімен жүзеге асырғанымыз», – деп отыр. Ол рас, себебі орныққан мемлекеттердің өзінде мұндай саяси процестің ың-шыңсыз өтуі – өте сирек құбылыс.
Сонымен қазақстандықтар жаңа Президентпен Жаңа жылды қарсы алады. 2019 жылдың 9 айында Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқарған жұмысы аз айтылып жатқан жоқ.
2019 жылдың көктемі. Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуға дайындалып жатқан қазақстандықтар үлкен өзгерістердің қарсаңында тұрғанын білген жоқ, әрине. 30 жылға жуық мемлекет басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кештегі бұл шешімі саясат сахнасын ғана емес, күллі қазақ қоғамының даму векторын өзгертті деуге болады. «Мемлекет басқарған осы кезең оңай болған жоқ, бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев саяси сабақтастықты сақтай отыра жаңа серпін әкелді», – дейді сарапшылар.
Алексей Пилько, Мәскеу қаласының Еуразиялық коммуникациялық орталығының директоры:
- Посткеңестік кеңістікте мұндай әлі болған емес. Бұлай дегенім: кең демократияландыру, кең демократиялық жүйенің құрылуы, ұзақ мерзімді көшбасшының кетуі және мүлдем бейбіт жолмен кетуі, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың кешенін жүзеге асыру әрекеті. Мұндай қалыптасу кезеңінде иә, мықты тұлғалар қажет. Ал, мемлекеттің тұрақты дамуы үшін күшті жеке тұлғалардың қажеті жоқ. Мықты көшбасшыларды итермелейтін және оларды қоғамдық қажеттіліктерге сүйене отырып өзгертетін мықты институттар болуы керек.
Халықтың үнін ести алатын мемлекет құру – Ақордадан бастап, аймақтағы әкімдіктің әркүндік ұранына айналды. Ал Ұлттық сенім кеңесінің құрылып, бір емес екі отырыстың өтуі осы тұжырымдаманың жүзеге асқанының дәлелі болса керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халықтан жоғары тұрған, халықтан биік тұрған ештеңе де жоқ. Ұлттық сенім кеңесі, біріншіден, қоғамдық диалогқа айналуы қажет. Әрине, азаматтарды толғандырған мәселелерді бірнеше айда шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен шұғыл шешімдер қабылдадық.
Президент жиі айтатын тағы бір тіркес: «Пікір әр алуан, бірақ ұлт біртұтас». Билік өкілдерінің де лексиконы өзгерді. «Плюрализм», «саяси трансформация» сияқты сөздерді жиі айта бастады. «Ал саяси әрі азаматтық қоғамдағы еркіндік түптеп келгенде экономикалық өсімге әкеледі», – дейді экономистер.
Қайырбек Арыстанбеков, экономикалық сарапшы:
- Дамыған елдердің тәсілінде негізгі үш арқан бар. Бірінші арқан – елге саяси еркіндік беру. Саяси еркіндік бар жерде экономикалық даму да болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы 9 айда 180 сағатын жолда өткізіпті. Бергісі – Ресей мен Өзбекстан, арғысы – Қытай мен АҚШ, Германия. Президент 12 рет шетелге сапарлады. Демек, осынша елмен байланыс беки түсті деген сөз. Мемлекет басшысы осы уақыт ішінде еліміздің әр аймағын аралады. Сөйтіп 112 мыңнан астам шақырым жол жүріп өтті.
Берік Уәли, ҚР Президенті баспасөз хатшысы:
- Ел ішіндегі атқарған шараларға тоқталатын болсақ, Президенттің қатысуымен жалпы 463 іс-шара өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің аймақтарына 25 рет жұмыс сапарымен барды. Кейбір облыстарға тіпті екі реттен барғанын білесіздер.
Біздің қоғам екінші Президенттің қызметін қалай қабылдады? Әрине, бір ауыздан бәрі қолдай кеткен жоқ. «Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлының ең үлкен табысы – жастармен тіл табыса алғаны», – дейді сарапшылар. «Президенттің Қостанайға сапары, келер жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауы, шәкіртақыны 25% өсіруі, сондай-ақ Жастар кадрлық резервін құруы – ең ұтымды қадамдары», – деп бағалайды саясаттанушылар.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенті көмекшісі:
- Мұны бір күндік бастама емес, ұзақмерзімді, еліміздегі басқару жүйесін жаңғыртудың нақты тетігі деп қарастыру қажет. Жұмыс жалғасатын болады. Президент нақты позициясын айтты. Жаңа буын жастар келеді. Сайдың тасындай 300 жас таңдап алынды. Олар мемлекеттік қызметке тағайындалады.
Президенттің тұрмысы төмен жарты млн қазақстандықтың қарызын кешіру акциясын «теңдессіз» деп бағалады экономистер. Осы аралықта жалпы сомасы 107 млрд теңге болатын 500 мыңнан астам азаматтың несиелік қарызы мен үстеме төлемдері кешірілген. 20 наурыздан бері Қасым-Жомарт Тоқаев 45 заңға, 226 жарлыққа, 68 өкімге қол қойыпты. Соның бірі – сәуір айында Президент қол қойған бала құқықтарын қорғау туралы заң.
Аружан Саин, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде ата-аналар хабарласып, ашық айта бастады. Бізде балалар мекемелерінде зорлық-зомбылық жағдайлары кездеседі, бірақ дәлелдер жоқ жерде проблемалар бар екенін мойындауымыз керек. Президент Әкімшілігіне және Президентке жеке алғысымды білдіргім келеді. Өйткені Аягөздегі даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатта балаларға қатысты зорлық-зомбылық болған жағдайда менің пікірімді ескерді. Іс бас прокуратураға тергеуге жіберілді. Қазір іспен арнайы прокурор айналысып жатыр.
Көкжайлаудың құрылысын тоқтату, мұғалімдердің жалақысын арттыру сынды әлеуметтік реформа жалғаса береді. Ал Алтын Орда, Әл-Фараби, Ұлы Абайдың мерейтойларын мемлекет деңгейінде тойлау шешімдері ұлттық идеологияны ширата түседі. Сондай-ақ жақында ғана Президент «оралман» деген олақ сөзден бас тартып, қазақы «қандасты» қайтарып бергені де ұлт үшін ұтымды іс болды. Сонымен ертең 2019 жыл тарих қойнауына енеді. Бірақ бұл жыл ел есінде әлі ұзақ сақталады. Келер жылдың еншісіне ел үшін қалдырған кесек бастамалар аз емес. Соған қарағанда жаңа жылдың да жаңалығы аз болмайтын секілді.
Авторы: Гүлжан Марқабаева