Ел тұрғындардың 78% әлеуметтік желідегі іздеу жүйесін қолданады
Телехикаялар көруден бастап күнделікті тұрмыстық затты қолдану жөніндегі кеңесте интернетке жүгінеді.
Ернұр Саудагеров «Торпедо» хоккей клубының әрбір ойынындағы әр ойыншы мен оның қимылын қалт жібермей қарайды. Осы клубтың баспасөз қызметіне жауапты болғандықтан, ол үшін ойыннан соң жазылған пікір мен ұсыныс та маңызды. Ал қазір құрлықтық хоккей ойындары өтіп жатқандықтан, әрбір ақпартты зерделеуге тырысады.
Ернұр Саудагеров, хоккей клубының баспасөз-атташесі:
- «Құрлықтық хоккей лигасы – өте қызықты жарыс» деп айтуға болады. Себебі бұл лигада «Барыс» та қатысады. Біздің өскемендік түлектер ойнайды. Сондықтан бізге өте қызық. Күнде қараймыз. Google арқылы іздейміз. Жаңалықтарды, статистиканы қараймыз.
Ақтөбелік Евгений Лазарчук үшін интернеттің игілігі ерекше. Қалада еріктілер бірлестігін құрғалы бүкіл жұмысы интернетпен байланысты. Шаһардың экоахуалын жақсартуды көздеген еріктілер жасыл желекке қатысты мағлұматты іздеуде әлеуметтік желіге жүгінеді. Шаһарды басқан шаңды тоқтатудың бірден-бір жолы – тал-терек егу. Сондықтан ағаштардың тұқымын интернет арқылы жинаған. Ал жас көшеттерді баптау әдісін де интернеттен үйреніп жүр.
Евгений Лазарчук, «Ақтөбе, терең тыныс ал!» еріктілер бірлестігінің ұйымдастырушысы:
- Өз бетіммен білім алып жүрмін. Тұқым өсіру әдістері, ағаштарды баптау, шаһардағы жасыл-желекті сақтау жолдарын интернеттен оқып-білуге болады. Біздің өңірге оңай жерсінетін ағаш түрлерін іздеймін. Міне, павлония ағашының көшетін өсіріп жүрміз. Оның басты қасиеті: ауадағы зиянды заттарды жояды.
Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша қазір Қазақстандағы халықтың 80% астамы интернет пайдаланады. Басым бөлігі смартфонды қолданады. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі ақпарат іздеушілердің саны күрт көбейген . Ал биыл интернеттегі түрлі іздеу жүйесінен «сайлау», «президент», «атаулы әлеуметтік көмек» деген сөздер өте жиі терілген.
Авторлары: Олжас Керейхан, Мансұр Есқожа