Алматыда спорт саласының үздіктері анықталды
Бұл жолы қала ғана емес, алыстағы ауылдық жерлерде спорт саласына еңбегі сіңгендер ескерусіз қалмады.
Қазақтың Спорт және туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық басылымы жыл сайын спорт саласының үздіктерін марапаттайды. Биылғы шара академияның 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Ұйымдастырушылар бұл жолы шалғай аймақтардағы дене тәрбиесіне үлес қосып жүрген азаматтарды да ұмытпады.
Жақсылық Үшкемпіров, олимпиада чемпионы:
- Биылғы жылдың бір ерекшелігі: бұрынғы атақты спортшыларды ғана емес, ауылда жүрген дене шынықтыру пәнінің мұғалімінен бастап еңбек сіңірген қайраткерлерге дейін марапаттап жатыр.
Жақсылық Үшкемпіров, Әмин Тұяқов және Ермахан Ибрайымов секілді саңлақтардың қолынан сыйлық алғандардың бірі – Ғани Амантайұлы. Жамбыл облысы, Қаракемер ауылында дене тәрбиесінен сабақ беретін қарапайым ғана ұстаз талай таланттың көзін ашқан. Ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттырған азаматтың еңбегі ескерусіз қалмады.
Ғани Амантайұлы, мектеп мұғалімі:
- Биыл біз Шучинск қаласындағы республикалық кіші футбол жарысында І орын алдық. Оның алдында Нұр-Сұлтан қаласында ІІІ орынды иелендік. І, ІІ орын иегері болғаннан кейін биыл «2019 жылдың үздік дене шынықтыру мұғалімі» деп марапаттады.
Дәл осы күні жүзден жүйрік шыққан мықтылардың бәрі марапатталды. Атап айтар болсақ, боксшы Тұрсынбай Құлахмет «Жылдың үздік спортшысы» атанса, Дәурен Төлегенов «Үздік самбошы» деп танылды. Сондай-ақ спорттың барлық түрі бойынша жыл он екі ай бойы үлкен жетістіктерге жеткен қыз-жігіттер құр қол қайтпады. Үздік бапкерлер, үздік қауымдастық және үздік ардагер спортшылар да назардан тыс қалмады. Өскелең ұрпаққа үлгі болып, әлемдік аренада ел мерейін асқақтатып жүрген спортшыларға қандай құрмет көрсетсе де, жарасымды.
Авторы: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев