ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары Алматыда кездесті
Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырысы өтті. Қатысушылар ұйымға қарасты аймақтағы жағдай жөнінде пікір алысты.
Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов әріптестеріне ұйым қызметінің өзекті бағыттарын, Қазақстанның Ұйымға төрағалығының басымдықтары аясындағы еліміздің ұстанымын айтты.
Халықаралық терроризм, киберқылмыс, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымы сияқты қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл шараларына да назар аударылды. Отырыс қорытындысы бойынша «Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ұйымның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы туралы» шешімінің жобасы мақұлданды. Жиынға қатысушылар ұйымды одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ Бас хатшысы:
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының біріккен күштерін заманауи әскери техникамен қамтамасыз ету үшін хатшылық штабпен бірлесіп құжат жобасын әзірледі. Ол Орталық Азия аймағында Ұжымдық күштердің құрамына кіретін әскери бөлімдер мен құрылымдарың әскери әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.