Шымкентте өткен жылы 25 мың сәби дүниеге келген
Шаһардағы ауруханалар мен орталықтарға жаңа қондырғылар алынған. Қаладағы тозығы жеткен жедел жәрдем көліктері де жаңартылған.
Дәрігер Салтанат Бұланбаева өзінің учаскесіндегі кез келген пациентке ерекше көзқарас танытады. Оның күнделікті қабылдауына тек балалар ғана емес, ересектер де келеді. Ақ халатты абзал жанның бір минут та артық уақыты жоқ. Халықтың сүйіктісіне айналған дәрігерден шипа тапқандар көп. Сондықтан ол өз тобымен бірге ең мықты отбасылық дәрігер атанып отыр.
Салтанат Бұланбаева, қалалық №8 емхана дәрігері:
- Қаралушылармен қарым-қатынас жақсы деп ойлаймын. Осы жетістікке жетіп отырғанымыздың барлығы өзімнің медбикелерімнің де арқасында. Медицинада қағазбастылық нұсқалар жойылып жатыр. Барлығы электрондық түрде болуда. Жұмыс көп, әрине. Бірақ барлығына үлгеріп, тырысып жатырмыз.
Салтанат №8 қалалық емханада еңбек етеді. Жас маманға әсіресе көпбалалы аналар жағы дән риза. «Емхананың да жұмысы көңілден шығады», – дейді көпшілік.
Севара Усманова, қала тұрғыны:
- Басқа емханаға қарағанда бұл жердің дәрігерлері мықты әрі жақсы қарайды. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан дәрігерлер көп. Басқа емханаларда жас мамандар енді тәжірибе жинап жатыр. Ал мұндағы дәрігерлер сенімді.
Шымкенттің денсаулық сақтау саласына 2019 жыл аса ауыр болмағаны да анық. «Дегенмен жеңіл өтті деп те айта алмаймыз», – дейді медицина мамандары. Мәселен, ана мен бала өлімі өткен жылдармен салыстырғанда едәуір көбейген. Жыл басынан бері 25 мыңнан астам сәби дүниеге келсе, 200-ден аса нәресте шетінеп кеткен. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін қаладағы бірқатар орталық пен балалар ауруханаларына заманауи құрал-жабдықтар сатып алыныпты.
Инна Глазебная, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Біз озық технологияларды перинаталдық орталықтарға ғана емес, көпсалалы балалар ауруханаларына да 26 медициналық құрал-жабдық сатып алдық. Ол құрылғылар сапалы медицинаны дамытуды қамтамасыз етеді. Дәрігерлерге көмек болатындығы да анық.
Иә, дәрігерлерге мұндай көмекші құралдар керек-ақ. Өткен доңыз жылында ақ халаттылардың аты шыққаны да бар. Жұқпалы аурулар ауруханасында 10 айлық нәрестеге ыстық сумен клизма жасап, сәбиді күйдіріп алған медбикелер жұмыстан шеттетілген болатын. Бас дәрігерге сөгіс берілді. Ал жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген науқастың өміріне ақ халаттылар немқұрайлық танытқан оқиға да естен кете қойған жоқ. №1 қалалық клиникалық ауруханаға түскен пациентке дәрігерлер тегін көрсетілуі тиіс қызметтің өзіне ақы алған болатын. Бұл іс сол кездері қалаға ресми сапармен келген еліміздің Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаевамен өткен жиында да талқыға түсті. Жыл соңына қарай аталмыш аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай адам органдарын заңсыз ауыстырды деген айыппен ұсталған болатын. Медицина саласы мұнымен тоқтамайды. 2020 жылы елімізде МӘМС ісі қолға алынады. Бұл жаңашылдықтан дәрігерлердің де үміті мол.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов