Алматылық шебер көкпарға арналған сан түрлі әбзелдер жасайды
Бүгінде олар этнографиялық сипатымызды айшықтай түсетін бұйымдарымызға, ұлттық құндылығымызға айналды. Дегенмен ұлттық қолөнер туындыларына сұраныс жоғалған емес. Атадан балаға мирас болып келе жатқан өнерді жаңғыртып жүргендердің бірі – Айдос Садықов. Ол ұлттық ойын көкпарға арнап сан түрлі әбзелдерін жасайды.
Қамшы өрілген таспа санына қарай төрт таспа, бес таспа, он екі таспадан тұрса, ал ширатылғанын еспе, сапалық, өзек салғаны дырау, дойыр, бұзау тіс деп аталады. Қамшының 12 түрін жасай білетін Айдос Ермекұлы жастайынан атқұмар болып, ат құлағында ойнап өсті. Талай аламан бәйге мен көкпар додаларына қатысты. Қазір ұлттық өнерді жаңғыртып жатыр.
Айдос Садықов, қолөнер шебері:
- Бұл – қанымызда бар қасиет. Сол себептен осыны жаңғыртқымыз келді. Ата-бабамыздан қалған өсиет қой. Сондықтан өзіміздің ішкі ортамызды, нарығымызды осымен толтырайық деген ой келді. Өзіміздің шикізатты қолданып, дайын бұйымдарымызды шетелге, яғни экспортқа шығару жолын да қарастырып жатқан жайымыз бар.
Шебер жастарды да осы өнерге баулып жүр. Құйысқан, өмілдірік, жүген мен ноқта сынды ат әбзелдерінің әдемі жасалуын қалайды. Сол үшін де арнайы тігін машинкаларын сатып алып, шағын шеберхана ашты. «Ата кәсібі – бала нәсібі» демекші, қолынан келетін істі кәсіпке айналдырды.
Досжан Әділбек, жас маман:
- Өзім атбегілер ауылынан болғаннан кейін, қызығушылығым болып, басқа салада жұмыс істесек те, осы саладағы Айдос ағаның шеберханасына келіп тұрамын.
Айдос Садықов, қолөнер шебері:
- Қазіргі таңда болашақ, өскелең ұрпақты біздің жұмысқа тартып отырмыз. Яғни көріп отырғандарыңыздай барлығы жастар. Жастарды жұмысқа тартып, үйретіп жатырмыз. Болашақта өздері кәсіп ашып, ата кәсіппен айналысса, біз үшін үлкен мәртебе болар еді.
Осы шағын шеберханада атқа мінуге арналған қажетті әбзелінің барлығы жиналған. Айдос өзі сияқты он шақты шеберлерді ортақ іске біріктірді. Бірі бәйгеге, екіншісі көкпарға лайықталған ер жасап, терімен қаптап, безендіреді. Сонымен қатар көкпар жылқысының тұяғы жараланбас үшін киізден қорғаныс қабы та тігіледі. Көкпардың муляжын жасап, патенттеген. Қазіргі нарықта Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін бұйымдар басым. «Оларды ығыстыру үшін, өз шеберлерімізді қолдау керек», – дейді ұстаз.
Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев