СҚО-да мереке күндері қар құрсауынан 65 адам құтқарылды
Есіл ауданында полицейлер көлікпен көл басында қалып қойған балықшы мен баласын шығарып алды.
СҚО-да жаңажылдық мереке күндері боран соғып, Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Тимирязев, Мамлют аудандарында жолдар жабылды. Тіпті бір ауылға арнайы көлікпен жетуге тура келді.
Кирилл Иванников, ТЖД бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Тимирязев ауданы, Целинное ауылына жол талғамайтын арнайы техника жіберілді. Онда бір адам ұйқы безінің қабынуынан ауырып қалған. Құтқарушылармен бірге дәрігер де барып, дер кезінде көмек көрсетті.
Қалада да қысқы қарбалас. Петропавлда қар тазалау жұмысы кешкі 20:00-ден таңғы 05:00-ке дейін жүргізіледі. Бірақ коммуналдық қызмет техникаларын жер үйдің тұрғындары сирек көретін сыңайлы.
Жер үй тұрғындары есік алдындағы қарды жолдың жиегіне шығарып, оны коммуналшылар алып кетуі тиіс. Петропавлдағы тағы бір өзекті мәселе – қыста жаяу жүргіншілер жолағы тазаланбайды. Сондықтан тұрғындар осылай көшемен жүруге мәжбүр.
Шенеуніктердің айтуынша, қаладан күніне 3 мың текше метр қар шығарылады. Коммуналдық қызмет техникалалары барлық көшеге жете алмайды.
Дулат Шәріпов, ТКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Жер үйлердің қары ақпан, наурыз айларында шығарылады. Қазір су басуы мүмкін Ойқала ауданы, Береке және Жұмысшы кенттерінде негізгі көшелер тазартылып жатыр.
Қаланы қардан тазалауға 12 ұйым жұмылдырылған. Ал күндіз көшелерге құм себіледі.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев