СҚО-да 2 мыңға жуық адам жарықтан таршылық көріп отыр
Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан кейін 2 мыңға жуық адам жарықтан таршылық көріп отыр. Қызылжар ауданында топан судан электр бағандары құлап, екі ауылдың тұрғындары уақытша желіге қосылған еді. «Бірақ оның қуаты толық тартпай тұр», - дейді олар. Мәселе қашан шешіледі?
Новокаменка ауылының тұрғыны Лилия Туринцева кейде осылай оқушы балаларының киімін үтіктей алмай қалады. «Үйде жарық бар. Бірақ тартпайды», - дейді әйел. Ал желді күндері тіпті сөніп қалады.
Лилия Туринцева, Новокаменка ауылының тұрғыны:
- Пешке сорғы орната алмай отырмыз. Өйткені қуат көзі тартпайды. Сондықтан бір-екі ағаштан ғана саламыз. Оттың қызуынан құбырдың кеңейткіші қайнап кете береді. Ал қыстыгүні не болады?!
Бұл бір ғана ауылдың мәселесі емес. Іргелес Архангельскте де осы жағдай. Көктемгі тасқын кезінде Есіл өзенінің бойындағы электр бағандары құлап, тұрғындар уақытша желіге қосылды.
Лилия Русина, Архангельск ауылдық округінің әкімі:
- Уақытша желіге шамадан тыс адам қосылған. Сондықтан жарық жаз бойы жиі сөніп тұрды. Жөндеуден кейін жағдай біршама дұрысталды. Бірақ біз жаңа желінің салынуын күтіп отырмыз.
Өңірде көктемгі тасқыннан бұзылған электр желілерін жөндеуге 1 млрд теңге бөлінді. Бірақ Новокаменка ауылында жаз бойы бірде-бір жұмыс жүргізілмеген. Оны мамандар қолайсыз ауа райымен байланыстырып отыр.
Александр Чекулаев, электр желілерін тарату компаниясының бас директоры:
- Электр желілерін қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Мердігер ұйым анықталды. Бірақ жауын-шашын салдарынан арнайы техника ауылға жете алмай, жұмыс созылып кетті. Енді жер құрғады. Қарашаның 15-іне дейін аяқтаймыз.
Сала мамандары желіні жөндеуге уәде етті. Алайда жаздың «үп» еткен желінде сөніп қалатын жарық боранда қалай жанбақ, - деп алаңдаулы ауыл тұрғындары.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков