2020 жылда қазақстандықтарды қандай жаңалықтар күтіп тұр?
Этнограф ғалымдардың айтуынша, тарихта тышқан жылында үлкен апаттар мен соғыстар болмаған. Жұлдызшылар мен нумерологтар тышқанның еңбекқор, епті, қырағы екенін айтады. Сондықтан биыл елімізде тұрақтылық, экономикада ілгерілеу болады деп болжап отыр.
Диас Құсайынов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Бұл – жаңа жылдың белгісі. Тышқан – өте таза, сүйкімді жануар. Адамдарға зияны жоқ. Сол үшін асырадым.
Нумерологтар: «Бұл жолғы тышқан жылы айтулы датамен тұспа-тұс келіп отыр», – дейді. Өйткені 2020 – бір ғасырда бір-ақ рет кездесетін сандардың жиынтығы.
Айжан Серікқызы, нумеролог:
- Нумерологияның атасы Пифагордың психоматрицасы бойынша есептегенде «2» деген сан энергияның мағынасын береді. Яғни кез келген адам энергиясын қай салаға бағыттаса, сол сала өте жақсы дамитын болады. 2020 жылы жаңа бизнес ашып, басқа салаға мамандық ауыстырудан гөрі отбасын құрып, тұрмысқа шығып, үйленуге өте ыңғайлы жыл болып табылады.
Аспан әлеміне қарап болжам жасайтын жұлдызшылардың да жылға қатысты айтары мол. Бұл ілімнің құпиясы мынада: астрологтар әрбір планетаның Қазақстанмен қандай қашықтықта орналасқанына қарайды да, жағдайды болжай береді.
Мәселен, Күн планетасының орналасуы биліктің, Ай халықтың, Меркурий ақпарат, транспорт саласының, ал Марс қарулы күштердің осы жылдағы хал-ахуалын көрсетеді екен.
Ерлан Мұқашев, астролог:
- Қазақстанның картасына қарап болжам жасайтын болсақ, биыл жалпы жағдай тұрақты болады. Миграция күшейеді. Бірақ табиғи апаттар, қайғылы жағдайлар болмайды. Елде Президенттің рейтингі өсе түседі. Сондай-ақ жұлдыздар сарқылмас мұнайдың, уранның немесе өзге де аса үлкен пайдалы қазбаның кені табылатынын көрсетіп тұр. Бұл ел экономикасына оң әсер етуі әбден мүмкін.
Тарихқа үңілсек, тышқан жылының қай-қайсысы да өзінің елеулі естелігін қалдырған. Мәселен, 1900 жылы Қазақстанның ағарту саласында үлкен дүмпу болды. Әдістемелік мектептер көптеп ашыла бастады. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынов қазақ жазуы тарихында ірі бетбұрыс жасап, төте жазуды енгізді. Бұл мәселе 1924 жылы да маңызын жойған жоқ. Осы жылы қазақ білімпаздарының 1-съезі өтті. 1936 жыл қасіретке толы репрессия жылдарымен сәйкес келді. Ал 1948 жылы Семейде алғашқы атомдық реактордың құрылысы аяқталды. 1960 жылы Қазақстандағы анимация өнерінің қарыштап дамуымен есте қалды. 1972 жылы Мюнхен олимпиадасында Әлжан Жармұхамедов «Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы» атанды. 1984 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Министрлер кеңесiнiң төрағасы болып сайланды. Ал 1996 жылы еліміз тәуелсіздіктің алғашқы бесжылдығын қорытындыланды. Халықаралық ықпалдастық артты, дипломатия дамыды. 2008 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды. Тарихты зерделеп жүрген мамандар тышқан жылдары халқымыз үшін қолайсыз оқиғалар аса көп болмағанын айтады.