Алматыда балаларымен бірге адасып кеткен екі азамат аман-есен табылды
Оның ішінде 12 адамға тау басында шұғыл медициналық көмек көрсетілген. Бірі аяғын шығарып алса, енді бірі қолын сындырып алған. Бұл туралы республикалық жедел-құтқару тобының баспасөз қызметі хабарлады. Ал 5 қаңтар күні құтқарушылар балаларымен бірге адасып кеткен тағы екі ер азаматты аман-есен үйлеріне қайтарды.
Көкжайлауға шанамен сырғанауға барғандардың бірі – Николай Зайцев. Қасында 4 жасар ұлы болған. Досы да 6 жасар баласын ерте шыққан екен. Олар қайтар жолда шанадан ауып қалғандарын айтады. Оның үстіне күн батып, тұман түседі. Бір жамандықты сезген әйелі құтқарушыларға хабарласады. Адасқандар түнгі 00:00-ге қарай табылады. Төртеуі де әбден тоңып қалған.
Николай Зайцев, қала тұрғыны:
- «Әлін білмеген әлек» демекші, тым артық кетіппіз. Абайсызда шанадан ауып қалдық. Бәрі қас қағым сәтте болды. Бірінші мен құладым. Менің құлағанымды көрген досым өзінің ұлын шетке қарай тастап үлгерді. Ал мен үлгере алмадым. Бетіміз аздап сырылды. Ештеңе етпейді. Тез-ақ жазылып кетеді.
Құтқарушылар былтыр тау басынан 97 адамды алып түсіп, отбасына қайтарғандарын айтады. «Адасудың басты себебі демалушылардың қарапайым ережелерді білмеуінен», – дейді мамандар. Құтқарушылардың жұмысы әсіресе қыстыгүні қиындай түседі.
Айдос Мұхамеджанов, Республикалық жедел құтқару тобының бас құтқарушысы:
- Адамдар тауға түстен кейін шығып кетеді. Уақытқа қарамайды. Негізі тауға таңертең ерте шыққан дұрыс. Шығар алдында жүретін жолды, бағытты, барлығын жақын адамға түсіндіріп айтып кету керек. Ол қауіпсіздік шараларының біріншісі болып есептеледі.
Егер кәсіби альпинист болмасаңыз, биік мақсат қоюдың қажеті жоқ. Түске дейін қай жерге жеттіңіз, сол жерден үйге қайту керек. Қоржыныңызда артық киім мен артық ас-ауқат болғаны абзал. Өйткені түнде адасып кетсеңіз, көмегі тиеді.
Айдос Мұхамеджанов, Республикалық жедел құтқару тобының бас құтқарушысы:
- Қыстыгүні адам таудың басына шыққанша терлейді. Терлегеннен кейін ауыстыратын жылы киім алып шығу керек. Ауыстырмаса, тоңып адам өзінің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Шатыр болмаса, қар қазып, қардың астында отыру керек. Бірақ ұйықтамауға тырысу керек. Ұйықтаған адам өліп кетуі мүмкін.
Іле Алатауында ауа райы жиі құбылып тұрады. Сондықтан тікұшаққа көп үміт артуға болмайды. Көмек жеткенше өз өміріңізге өзіңіз жауапты боласыз.
Тау қателікті кешірмейді. Аңдамай басқан бір-ақ қадамыңыз сіздің немесе қасыңыздағы балаларыңыз бен туған-туысқандарыңыздың денсаулығына, тіпті өміріне үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан тауға шығар алдында қарапайым қауіпсіздік ережелерін есіңізден шығармаған жөн.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов