БҚО-да 1140 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында жер ресурстарының тиімді пайдаланылуына баса назар аударып, бос тұрған жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырған болатын. Өңірде 1 млн 750 мың гектар жердің игерілмей жатқаны анықталса, соның 65%-і мемлекетке қайтарылған. Ол жердің 940 мың гектары конкурс арқылы айналымға енгізілген.
Орал өңірі – еліміздің батысындағы ең аграрлы аймақ. Өткен жылы 6 мың тоннадай ет шетке шығарылып, бұл жөнінен Батыс Қазақстанның көш бастауы – сөзіміздің айғағы. Өңір кәсіпорындары өз өнімдерін Армения, Иран, Ресейге жіберуде. Өткізу нарығына жол ашылғаны халыққа да тиімді.
Бақытбек Айтбаев, ет өңдеу кешенінің бөлім басшысы:
- 2017 жылы жұмыс бастағанда ең өзекті мәселе қожалықтар мал тапсыру жағынан қиын болған. Малдың күйіне, түріне, түсіне дейін қарайтын. Біз оның бәрін шешкендей болдық. Қазір малдың күйі орташа болса, нарықтық бағамен аламыз.
Талғат Нұржанов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Бұрын Атырауға барып, өткізе алмай жүретінбіз. Баға біресе түседі, біресе көтеріледі. Тапсырып аласың, тапсырған соң ақшасын ала алмай тағы жүресің. Бізге осы тиімді.
Ет экспортын еселеп арттыруға өңірдің әлеуеті жеткілікті. Сол мүмкіндіктер пайдаланылмай отыр. Мал басын көбейтіп, қосымша жер сұрап жүрген шаруалар көп. Ал іргедегі бос жерге көз салса, қожайыны табыла кетеді. Иесі болса, ол алқаптар неге игерілмейді? Бұл сауал тек ауылдағы ағайынды емес, өңір басшылығын да толғандыратын болып шықты. Әкімдікте өткен арнайы кеңеске жерін пайдаланбай отырған қожалық басшылары да шақырылды. Олардың аты-жөндерін БАҚ-тың бетіне жариялау тапсырылды.
Мұрат Баетов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Жайықтың сол жақ бетіндегі қожалықтардың басты мәселесі суға тіреледі. Судың қиындығына байланысты қазір малды ауылда ұстап отырмыз. Мал басы көптеу болған соң ауыл тұрғындарынан да наразылық туындайды.
Су тапшылығы – жердің игерілмеуінің бірінші себебі. Мәселен, бір ғана Ақжайық ауданында Жайықтың сол жағалауындағы 300 мың гектар жайылым бос жатыр.
Қалияр Айтмұхамбетов, Ақжайық ауданының әкімі:
- Басты себебі – Азынабай-Тайпақ суландыру жүйесінің істемеуі. Бұл бағытта облыс басшылығы жобалық-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізіп, тиісті жұмыстарды атқарды. Енді бүгінгі күнге қаражат бөлінген жағдайда Азынабай-Тайпақ іске қосылған жағдайда біздің әлеуметтік-экономикалық потенциалымыз іске асады.
Ауылшаруашылық алқаптары игерілмеуінің тағы бір себебі – жер иелерінің жалқаулығы немесе айналым қаржысының болмауы. Өңірде бос жатқан 1 млн 750 мың гектардың 65% ғана мемлекетке алынған. Қалғанын қайтаруға ол жерлердің қағаз бетіндегі қожайындары құлықсыз. Күштеп тартып алуға заң солқылдақ.
Мұхтар Манкеев, БҚО әкімінің бірінші орынбасары:
- Әлі анықталмаған жерлер де бар. Өздеріңізге нақты көрсеттік. Ескертпе қағазды алып, ресми түрде жұмыстарын жасамай жатқандары бар. Екінші тізім ол ескертпені алмай жатқандардікі. Қашып жүргендері де бар. Соның бәрін игеріп, қайта жұмыс бастайтын болса, жұмыс орындары жаңадан құрылады, жаңа кәсіпкерлер пайда болады.
Статистика деректеріне сүйенсек, әрбір егістік жердің гектарынан 82 мың теңге пайда түседі екен. Осы санды игерілмей жатқан жердің жалпы аумағына көбейтсе, 2,5 млн теңгені құрамақ. «Демек, өңір экономикасы жылына осынша қаржыдан қағылып отыр», – дейді мамандар.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов